Мөлдір Әшірбекова: Қазақстанның алғашқы MMA әлем чемпионы

Мөлдір Әшірбекова Қазақстан тарихында MMA әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алған алғашқы спортшы ретінде тарихта қалды. 2024 жылдың қарашасында Ташкентте өткен әлем чемпионатында 74,8 кг салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен ол, аралас жекпе-жек әлемінде жаңа белеске көтерілді. Бұл жеңіс оның ұзақ уақыт бойы шыңдалған еңбегінің, төзімділігі мен қайсарлығының жемісі екені анық. Жеңіс жолындағы қиындықтар мен дайындық туралы, сондай-ақ осы тарихи сәттің маңызы жайлы Мөлдір Әшірбекова бізбен өз ойларымен бөлісті.

Әлем чемпионы атанғаныңыз туралы естігенде қандай эмоциялар болды?
Әлем чемпионы атанғаным туралы естігенде көзіме жас келді. Бұл сәтті мен 3-4 жыл күттім. Барлық күш-жігер, жаттығулар, сәтсіздіктердің бәрі бекер емес екен. Мен бұл сәттің келетінін білетінмін.

MMA-ға қалай келдіңіз? Бұрын қандай спорт түрлерімен айналысқан едіңіз?
MMA-ға 2020 жылы сіңілім Аширбек Инас шақырғаннан кейін келдім. Бұған дейін 10 жасымнан бастап күрес, дзюдо және самбо спорттарымен айналыстым. 17 жасымда қол жекпе-жегімен бастадым, бұл мен айналысқан бастапқы базалық спорт түрі болды, кейіннен әскери самбо мен панкратионға көштім. 2020 жылдан бастап MMA бойынша жарыстарға қатысып, қазір ұлттық құраманың мүшесі атанғаным өзіме іштей үлкен мақтаныш сезімін әкеледі.

Жеңіске жетуге қандай жағдайлар әсер етті?
Мен осы чемпионатта жеңіске жетуді мақсат етіп қойдым. Бұл жолы мен жеңілу туралы мүлде ойламадым. Бұл менің әлем чемпионы атану үшін күресімнің бір бөлігі болды. Жеңіске жетуге барлық күшімді салып, физикалық дайындықты ерекше маңызды деп санап, жаттықтырушы Эдуард Базровпен көптеген жеке жаттығулар өткіздім. Сонымен қатар, ұлттық құрамамен бірнеше маңызды жаттығу жиындары өтті, олар менің жеңісіме ықпал етті.

Жеңісіңізді қолдағандарға не айтқыңыз келеді?
Барлық қолдаушыларға үлкен рақмет! Тренерлеріме, отбасым мен жанкүйерлеріме ерекше алғысымды білдіремін. Мен Қазақстанды мақтан тұтамын. Сонымен қатар, Ибрагимов Даврон Алиджановичке, «AKAS»-тың өкіліне моральдық және қаржылық қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бұл қолдау мені алға жетеледі.

Мөлдір Әшірбекованың Ташкенттегі MMA әлем чемпионатындағы жеңісі – тек жеке жетістік қана емес, сондай-ақ Қазақстан спортының дамуы мен әлемдік аренадағы мәртебесінің нығаюына ықпал ететін маңызды қадам. Бұл тарихи жеңіс еліміздегі жас спортшылар үшін үлкен шабыт көзі болып, жаңа жетістіктерге жетуге талпындырады. Мөлдір өз табысымен барлық ізгі мақсаттарға жетуге ұмтылғандарға үлгі болып отыр.

Әңгімелескен: Айнур Кожахмет
Фотосуреттер: Спортшының жеке архивінен @ashirbekova.kaz

 
Көбірек оқыңыз