Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жылдан асты

Қазақтың лиригі, хантәңірдің мұзбалағы,ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жылдан асты.

muqagalijpg 

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы  9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.

Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-да тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.»

Мұқағалидің 10 жасында  әкесі майданға аттанып, 1941 жылы Калинаград шайқасында ерлікпен қаза табады. Балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарымен  қатар келген ақын «Неңді сенің аңсаймын,бала шағым?» өлеңінде мұңы мен өкпесін суреттейді.

1948 жылы ақынның ең алғашқы өлеңдері жарияланып бастайды. Оның әдебиет леміне жасаған қадамдарын алғашқы болып  бағалаған Әбділдә Тәжібаев былай дейді: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау, жас жеткіншек жеткенде мақтанбасқа бола ма?».  Ал Сәбит Мұқанов Мұқағалиді «Қазақтың Бальзагы» деп бағаласа, Шерхан Мұртаза:  «Мұқағали жалғыздықты, мүләйім жағымпаздықты, әдебиеттегі саудагерлікті, жемқорлықты, бәлеқорлықты жан-тәнімен жек көрген ақын» - дейді. Бауыржан Момышұлы: «Мұқағали да халыққа ұстаз болуға жарайды» деп ой білдірсе, ақын Еркін Ібітанов Мұқағалиды Хантәңіріне балайды.

Мұқағали тек өлең жазып қана қоймай, әлем классиктерінің шығармаларын да аударған. Мысалы:  Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ»  бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін» ана тілімізде сөйлеткен. Ақын өмір туралы оптимістік ойын негізге ала отырып, Моцарт тағдырын тілге тиек етіп «Моцарт. Жан азасы» шығармасын жазып шығады.  Жалпы лирикалық өлеңдерінің саны  650-ден асады. Ақынның шығармалары орыс, қырғыз, өзбек, ағылшын, қытай, түрік, неміс тілдеріне аударылған. 2015 жылы Мұқағали Мақатаевтың жыр жинағы АҚШ-тың Нью-Йорк жарық көрген.

Ақынның бірталай өлеңдеріне ән жазылып, халық арасына кеңінен тараған. «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдерін қазақтың әйгілі күйші композиторы, КСРО халық әртісі, халық қаһарманы Нұрғисы Тілендиев әнін жазып, мұра етіп қалдырған.Сонымен қатар, ақынның «Есіңе мені алғайсың» әні талайдың жүрек төрінен орын алған.

Ақынның 60 жылдық мерей тойында 1991 жылдың 4 шілдесінде  туған жері Қарасаз ауылында М. Мақатаевтың әдеби- мемориалды мұражайы ашылады.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Мұқағали» фильмін түсірді. Болат Қалымбетовтың режиссерлігімен түсірілген туынды  2021 жылдың 21 қазанынан бастап Қазақстанның барлық кинотеатларында көрсетілді.

Сонымен қатар, ақынның 90 жылдығына орай «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы түсірген «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» атты  тарихи телехикаясы  2022 жылдың 5, 6 ақпан күндері көрерменге жол тартты.

 

Автор: Мөлдір Адамжан

Сурет: баспасөз қызметі мұрағатынан 

 

Көбірек оқыңыз