Неге жақты таянуға болмайды?

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымы ғасырлар бойы қалыптасқан ырым-тыйымдармен тығыз байланысты. Солардың бірі — бүгінде сирек айтылатын, бірақ мәні терең «жағыңды таянба» деген тыйым.

Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, ерте заманда жағын таяну — қайғы мен қасіреттің белгісі деп есептелген. Бұл қимылды көбіне жұбайынан айырылған қаралы әйелдер жоқтау айтқанда істейтін болған. Сондықтан ел арасында «жақты таяну — жаман ырым» деп, тек қаза үстінде, еңсесі түскен адамның әрекеті саналған.

Бүгінгі тілмен айтқанда, жақ таяну — психологиялық шаршау мен түңілудің нышаны. «Мына өмірде сүйенер ешкімім, таянар тірегім қалмады» деген ішкі күйді білдіреді. Бұл ишара адам бойына қайғы мен мұң шақырып, көңілге ауырлық әкеледі деп сенгендіктен, қайталамауға шақырған.

«Адамның басына бір үлкен ауыр қайғы-қасірет түскен кезде ол өз денесіне ие бола алмай қалады. Сол кезде ол белін, жағын таянады. Осы себеппен жақ таяну жаман ырымға теңеледі. Жай күндері жақ таяну сол қайғылы күнді еске түсіреді деп ырымдайды. Адам отырған кезде өзін әдепті ұстауы тиіс. Жақты таянбай, басын тік ұстап, сергек отырғаны жөн. Ал жағын таянып отыру — уайым мен мұңның кейпі. Себепсіз жақ таяну сол қайғы мен мұңды өзіңе шақыру деп сенген», - дейді этнограф Болат Бопайұлы.

Қазақ мәдениетінде адамның сыртқы болмысы оның ішкі ахуалының айнасы саналған. Халық педагогикасында мұндай ұғымдар адамның мінез-құлқын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарған. Балаларға «жақ таянба», «басыңды салбыратпай отыр», «еңсеңді түсірме» деген ескертулер арқылы ата-әжелеріміз рух биіктігін, сенімді болуды үйреткен. Бұл бүгінгі психологияда «дене қалпы мен ой-сезімнің байланысы» деп аталатын қағидамен үндес түсінік.

Ал сіздің отбасыңызда қандай тыйымдар бар?

ырым-тыйым
Көбірек оқыңыз