Нұртас Оңдасынов: АҚШ мойындаған қазақ қайраткері

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік архиві ел тарихы үшін маңызды құжат тапты. Бұл – 1938-1951 жылдары Қазақстан үкіметін басқарған Нұртас Оңдасыновқа АҚШ-тың Нью-Йоркте шығатын әлемдік энциклопедия редакциясынан келген хаттар.

1946 және 1947 жылдары келген хаттарда американдық мамандар оны әлемдік деңгейдегі қайраткер ретінде танып, энциклопедияға енгізу үшін өмірбаяны мен анкеталық мәліметтерін сұраған. Бірақ сол заманның саяси жағдайын ескерген Оңдасынов жауап бермеген.

АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Хенри Уоллес Қазақстанға сапарында Нұртас Оңдасыновпен кездесіп, оның басшылығындағы республиканың дамуына жоғары баға берген. Бұл сапар нәтижесінде 1946 жылы «Кеңестік Азия миссиясы» кітабын жазып, онда Қазақстанның әлеуетін атап өткен.

Нұртас Оңдасынов сол кездесуді естелігінде былай сипаттайды:

«АҚШ-тың вице-президенті Хенри Уоллес соғыс жылдары Қиыр Шығыс арқылы КСРО-ға келді. Жолшыбай Алматыға тоқтады», – дей отыра, халықты аштықтан сақтап қалған егіс даласы мен дақылдарды көрсеткенін атап өткен.

Оңдасыновтың әлемдік энциклопедияға енгені 2024 жылы расталды. Нью-Йорктегі Қазақстанның Бас консулдығы оның есімін 1948 жылы жарық көрген «World Biographical Encyclopedia» кітабының 4778-бетінен тапты.

Бұл оқиға – кеңес үкіметі кезінде еңбегі еленбеген қазақ қайраткерінің шынайы бағасын алғанының дәлелі.

жаңалықтар Қазақстан тұлға
Көбірек оқыңыз