Оэлун - Моңғолдардың Ұлы анасы
Көне есімдер мен сирек жазбалар оқырманды қашан да қызықтыратыны сөзсіз. Әлемдік өркениеттің ұлы қолбасшысы Шыңғысханның анасы Оэлун ханым туралы деректерді назарларыңызға ұсынамыз.
Оэлун ханым- Шыңғыс хан атанған Темучиннің анасы Есугей-батырдың үлкен әйелі. Оэлун сөзі «Ұлы» мағынасын білдіреді. Ол 1140 жылы олхонут тайпасында дүниеге келген.
Жастайынан ерекше сұлулыққа ие ару 16 жасында меркіт тайпасы көсемінің ағасы Чиледаға үйленеді. Мейірімді әрі қамқор жігіт Чиледу мен Оэлунның махаббаттары некеге ұласып, той өткізеді. Алайда жас жұбайлардың бақыты ұзаққа созылмайды. Оэлун Чиледумен өз тайпасына қайтып келе жатқан жолда үлкен тайпаның басшысы Есугейді кездестіреді. Есугей қыздың сұлулығына таңғалғаны сонша, ол ағаларын Оэлунды қайтарып алуға көндіріп, ерлі-зайыптыларды қуып жетіп, қызды ұрлап әкеткен. Екіжақты күш тең болмағандықтан Чиледу қарулы адамдарға қарсы тұра алмай жеңіледі. «Моңғолдың құпия шежіресінде» алып қашып бара жатқан сәтінде Оэлун өзінің сүйіктісі оның иісін мәңгі есте сақтау үшін күртешесін Чиледаға лақтырған.
Өз сүйіктісін тапқан разы Есугей батыр Оэлунға үйленеді. Тағдырға мойынсұнған Оэлун алғашында күйеуін жек көргенімен Есугей батырдың адал жары болады. Ал, Есугей батыр әйелін қатты жақсы көріп, құрметтеген әрі қамқор жар болғаны анық. Шамамен 1162 жылы олардың тұңғыш баласы Темүжін дүниеге келді. Ұлы Моңғол империясының болашақ негізін қалаушы – Шыңғыс ханның туылуы да ерекше. Шежіреге сүйенсек баланың жұдырығында қан ұйығымен туылған. Ұйыған қанды перзентке берілген ұлы күштің белгісіне балап, жоғарыдан жазылған жасырын тағдыр бар деп болжам жасады. Темүжіннен кейін бірінен соң бірі дені сау, күшті балалар туылған.
Оэлун-Есугей батырдың үлкен әйелі ретінде кеңесшісі, әрі қолдаушы кемел әйел. Күйеуінің кенеттен қайтыс болуы Оэлун мен оның отбасының жағдайын түбегейлі өзгертті. Есугей хан болуға үлгермей, оның туыстары ұлыстағы билікті өз қолдарына алуға шешім қабылдаған сәтте Оэлун тайпадағы билік үшін күресуге тырысты. Бес баласымен бірге Оэлун марқұм күйеуінің кіші әйелі мен екі ұлын қанатының астына алды
«Отбасының ошағын сақтаушы, қажымас қайраткер, аяулы ана.Шыңғыс ханның анасы Оэлун ақылды тәлімгер, батыл жауынгер және шыдамды әйел болған. Есугей-баһатүр қайтыс болғаннан кейін ол өзінің табандылығының, ерік-жігерінің және еңбекқорлығының арқасында балаларын өсірді» - Цыденжапов Ш.Н.
Оэлунның ержеткен баласы Темучин ұзақ жылдар бойы абсолютті билік үшін қатыгез де қанды күрес жүргізіп, жауларымен аяусыз күрескені хақ. Моңғол тайпаларының басын біріктіріп, Қытайға, Орта Азияға, Еуропаға әскери жорықтар жасап, дүниежүзілік тарихтағы ең ірі империяның негізін қалады. Көптеген ұлы саясаткерлер мен қолбасшылар секілді Шыңғыс ханның даңқты бастауында сенімді «сұр кардиналы» - оның анасы Оэлун тұрды. Дана әйел өз кемеңгерлігімен саясатты басқаруда ақыл кеңестерін айтып Шыңғыстың хан болуына өз үлесін тигізеді. Ұлымен қатар өзі де ықпалды саяси қайраткерге айналу фактісі Оэлунның өмір жолын құнды етті.
Шыңғыс хан анасының арқасында барлық мақсаттарына кезең-кезеңімен жетіп, бүкіл халықтың саяси және діни көшбасшысына айналды. Шыңғыс ханның өзі анасының киелі күш ие екеніне шын жүректен сенген. Бұл сенім ұлы моңғол басшысы мен қол астындағыларды үлкен жеңістерге шабыттандыруға көмектесті.
Шыңғыс ханның анасы көптеген жетімдерді – жау руларының балаларын асырап, өсірді. Моңғол шежіресінде Оэлун өсірген төрт ұл туралы айтылады. Тәлімгерлер Шыңғыс хан әскерінің ең жоғары әскери басшылары - және ол құрған империяда маңызды орындарды иеленгені тарихтан мәлім.
Оэлун шамамен 1208 жылы қайтыс болды. Ол өмірінің соңына дейін ұлына үлкен әсер етті. Моңғолдар Оэлунды барлық моңғолдардың ұлы анасы ретінде құрметтейді.
Оэлун гуманизмнің, аналық махаббаттың, ерліктің символы - моңғол халқының әйелдерінің ең үлкен адамгершілік қасиеттерінің бейнесі.
Автор: Айнұр Қожахмет