Орманымыз неге өртке оранды?
Орман – табиғаттың ең маңызды экожүйелерінің бірі, ол климатты тұрақтандырып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауда шешуші рөл атқарады. Бүгінде Қазақстан аумағының шамамен 5,1%-ын ормандар алып жатыр. Бұл көрсеткіш 1991 жылғы 3,8%-бен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. 2025 жылғы орман қорының мемлекеттік есебі бойынша, елдегі орман қорының жалпы ауданы 31,3 млн гектар, оның ішінде 13,9 млн гектары орманмен қамтылған.

Аймақтар бойынша:
- Ең жоғары көрсеткіш – Қызылорда (17,2%), Жамбыл (16%), Түркістан (13,6%) облыстарында.
- Ең төмен көрсеткіш – Атырау (0,2%), Ақтөбе (0,2%), Қарағанды (0,6%) облыстарында.
2025 жылы ел аумағында 62 мың гектарды қамтыған 595 орман өрті тіркелді. Оның 22,8 мың гектары орманмен көмкерілген жерлер. Соңғы екі жылда (2024–2025 жж.) өртке оранған аумақ көлемі 106,7 мың гектарды құрап, материалдық шығын 631,1 млн теңгеге жетті.
Қазақстандағы ең ірі орман өрттері:
2023 жыл. Абай облысы – «Семей орманы»
8 маусым күні «Семей орманы» аумағында алапат өрт болып, 60 мың гектардан астам жер жанып кетті. Қайғылы оқиға салдарынан 14 адам қаза тапты. Абай облысында төтенше жағдай жарияланып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев апат аймағына барып, марқұмдардың отбасыларына көңіл айтты. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жауапты басшылар қызметінен босатылды.
2022 жыл. Қостанай облысы – Аманқарағай өртi
2 қыркүйекте басталған өрт екпінді жел мен аптап ыстықтың әсерінен тез таралып, 43 мың гектар орманды және 91 тұрғын үйді жойды. Бір адам көз жұмып, 2000-нан астам тұрғын эвакуацияланды. Тергеу қорытындысы бойынша, өртке адам факторы себеп болған. Қалпына келтіру жұмыстарына халықаралық көмек көрсетілді: БАӘ – 1 млн доллар, ERG – 1 млрд теңге бөлді.
2021 жыл. Шығыс Қазақстан – Риддер өртi
2021 жылғы 10 мамырда Риддер қаласында болған өрт 300 гектар орманды және 31 үйді жойды. Бір адам қаза тауып, екеуі жарақат алды. Өртті сөндіруге 500-ден астам адам, 86 техника және екі тікұшақ қатысты. Материалдық шығын 252 млн теңгеден асты. Тергеу барысында өрттің кәуап пісірмек болған жергілікті тұрғынның немқұрайлығы салдарынан шыққаны анықталып, ол 2,5 жылға сотталды.
Қазақстан 2030 жылға дейін орман алқабын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қорғалатын табиғи аумақтар көлемі 2035 жылға қарай 34 млн гектарға дейін кеңейтіледі. Бұл мақсатта жаңа 114 орман питомнигі (1 300 га) және 6 тұқымдық кешен салынып жатыр. Көшеттердің 90%-ы отандық өндіріспен қамтамасыз етіледі.