Қабанбайдың қос қанаты: Гауһар мен Назымның ерлігі

Қазақ даласында ел тағдырына жауапты батырлармен бірге, сол ерлерге серік болып, соғыс алаңында қайсарлық танытқан әйелдер де болған. Солардың ішінде ерекше тұлға – Гауһар батыр. Ол қазақтың даңқты қолбасшысы Қабанбай батырдың адал жары ғана емес, өзі де ерлік пен даналықтың үлгісі болған тұлға.

Гауһар батырдың шын есімі - Майсара Тоқтауылқызы. Арғын тайпасының Бәсентиін руынан шыққан. Ол – әйгілі Малайсары батырдың туған қарындасы. Малайсары Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болып, қазақ әскери тарихында есімі қалған тұлға. Жастайынан мергендігімен танылған, алғырлығы мен шешендігі арқылы ерекше көзге түскен. Оның даналығы, әскери тактикасы, тіпті көріпкелдік қабілеті туралы халық аңыздарында жиі кездеседі. Жоңғарлардың қайдан келетінін болжап отырған деседі. Тарихи деректерге сүйенсек, белгілі батыр Жәнібек тарханның жары Бердіқожа Гауһар ананың көріпкелдік өнерін үйренген. Бұл оның тек жауынгер ғана емес, рухани көсем болғанын да көрсетеді. Гауһар батыр туралы жыраулар жырлап, батырлығына тамсанған. Халық арасында «қылышын қынапқа салмаған батыр» атанған. 

Гауһар ана Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жасыбай, туған ағасы Малайсары батырлармен бір қатарда тұрып, жоңғарларға қарсы соғыстарға қатысқан. Ол жай ғана сарбаз емес, кей жағдайларда әскери стратегияларды ойлап тауып, қазақ әскерінің жеңіске жетуіне көмектескен.

Аңызға айналған шайқастардағы ерліктері:

  • Қалмақ қырылған шайқасы (1725 ж.)
    Гауһар батыр жауынгерлермен бірге шекара күзетіне шығып, жоңғарлардың бағытын анықтауға көмектескен. Қару асынған ол ерлермен тең дәрежеде соғысып, жаудың шабуыл тактикасын зерттеуге көмектескен.

  • Алакөл шайқасы (1725 ж.)
    Гауһардың басшылығындағы жасақ жоңғарлардың қоршауына түсіп қалғанымен, олар дұшпан әскерін жарып шығып, маңызды әскери ақпаратты Абылай ханға жеткізеді. Бұл шайқастың тағдырын шешкен оқиғалардың бірі болған.

  • Түйе тактикасы
    Гауһар батырдың тапқырлығы ерекше шайқастардың бірінде көрінді. Ол жауға қарсы дайындалмаған, қолға үйретілмеген түйелерді жаппай айдап жіберіп, жоңғарларды үркітіп, олардың қатарында үлкен дүрбелең тудырған. Осы әдіс арқылы қазақ жасақтары басымдыққа ие болып, жеңіске жеткен.

Қабанбай батыр жорыққа кеткенде, Гауһар елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауылдың тіршілігін басқарды. Ол тек сарбаздарды жинаумен шектелмей, олардың әскери дайындығын бақылап, стратегиялық шешімдер қабылдауға атсалысты. Қабанбай шайқасқа аттанғанда, сарбаздарды жинау міндетін Гауһарға жүктеген. Ол Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне сарбаздарды жинап, оларды даярлықтан өткізуге жетекшілік еткен. Батырлардың кеңесінде шешім қабылдауға қатысып, Қабанбайдың саясатына әсер еткен. Қазақ қоғамында әйелдердің рөлі әрдайым маңызды болғанымен, Гауһар батыр елдің тағдыры шешілетін әскери кеңестерге қатысқан санаулы әйелдердің бірі еді.

Қабанбай мен Гауһардың қызы Назым да ата-анасына ұқсап, қайсар жауынгер атанған. Ол жастайынан садақ атып, қылыштасуды үйренген, әкесімен жорықтарға қатысқан. Жауынгерлік өнерді меңгеріп, әкесінің соңғы жорықтарында әйел сарбаздардың ішінде ерекше көзге түскен. Тарихта оның Шиелі мен Жаңақорған шайқастарында ерлік көрсеткені баяндалады:

«...Үшінші, басты жасақты Абылай хан басқарды, ол Шиелі мен Жаңақорған арқылы тікелей Түркістанға бағыт алды. Оның құрамында сол кезеңнің даңқты батырлары Баян, Малайсары, Жәпек және жорық барысында әскерге қосылған Қабанбай батыр болды. Бұл жолы Қабанбайды әйелі, аты аңызға айналған жауынгер – Гауһар емес, анасына қатты ұқсайтын сұлу қызы – жас Назым ертіп жүрді» (К. Қайдаров «Қазақтың даңқты батырларының бірі – Малайсарының өмірі мен жоңғарларға қарсы күресі»).

Гауһар ана мен Қабанбай батырдың қызы Назымның есімі тарихта қалған. XVIII ғасырдың ортасында жоңғар ханы Қалдан Серен (Галдан-Цэрэн) қайтыс болған кезде, олардың арасында таққа талас басталды. Осы сәтті Абылай хан Түркістан мен Сырдария өңірін азат ету үшін пайдаланады. Бір жасақты Бөгенбай батыр, екіншісін Жәнібек батыр, ал үшіншісін Абылайдың өзі басқарды. Оларға қарсы жорыққа жоңғар ханының ортаншы ұлы Цеван Доржы өз әскерімен шығады. Абылай Қабанбайға Жаңақорғанды алуды тапсырғанымен, жоңғарлар зеңбіректен оқ жаудырып, қазақ әскерінің жүз сарбазы қырылады.

Абылай дағдарып қалған сәтте, Цеван Доржы тұрған төбенің оң жағынан «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұрандаған қыз ақбоз атпен шауып шықты. Басында үкі қауырсынды бөрік, қолында дойыр қамшы бар еді. Жау әскерін көре сала, «Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай!» деп ұран тастап, жоңғар зеңбірекшілерін жайрата бастады. Мұны көрген Абылай рухтанып, қазақ сарбаздары қарсы шабуылға шығып, жауды күйрете жеңді.

Бұл Қабанбай батыр мен оның зайыбы, қазақтың батыр қызы Гаухардан туған жас Назым екен. Бүлдіршіндей қыздың осыншама ерлігіне дән риза болған Абылай беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін шешіп, қызға сыйлапты. Гауһар үшін батырдың жары болып, оның ұрпағын тәрбиелеу жеткілікті болар еді. Алайда оның Қабанбай батырдың сенімді серігі әрі жауынгер ретінде атқарған ерлігін бағалау мүмкін емес. Қай жерде Қабанбай батырдың есімі аталса, сол жерде міндетті түрде халық жадында мәңгі қалған жауынгер Гауһар да еске алынуы тиіс.

тұлға тарих
Көбірек оқыңыз