Қазалы үйде неге үш күн ас бермеген?
Қазақ халқы ежелден қаза болған адамды ерекше құрметпен шығарып салған. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп, марқұмның соңғы сапарын рухани тазалық пен адамгершілікті көрсететін рәсімдер арқылы атқарған. Алайда соңғы жылдары бұл қасиетті дәстүрлердің мәнінен гөрі сәніне көбірек көңіл бөлінуі қоғамды алаңда-татын құбылысқа айналды.
Қаралы үй үш күн бойына қазан көтермей, ас пісірмей, аза тұтқан. Ал қазір кей өңірлерде дастарқан мәзірі молайып, азалы отбасылардың қарапайым ғұрыптары салтанатты ас беруге айналып барады. Мұндайда қарапайымдықты сақтау керек: ет, май, нан, шай, ірімшік, құрма сынды тағамдар жеткілікті.
Этнограф Байахмет Жұмабайдың айтуынша, бұрын қазақтың ең басты мақсаты — марқұмды бай дастарқанмен емес, өнегелі ісімен еске алу болған:
«Жақсы адамның өлімі де өнеге» – деп, оның өмірдегі жақсы істерін, өсиет сөздерін елге үлгі еткен. Артында қалдырған мұрасы мен игілікті еңбегі жайлы айтқан. Қазақ байлық емес, ізгі іс қалдырған жанды қадірлеген. «Артыңа пұл қалдырғанша, ұл қалдыр, бөз қалдырғанша, сөз қалдыр» деген сөз осыдан қалған».
Мұндай игі істер қатарына мыналар жататын:
- шөл далада қазған құдық,
- халыққа білім беретін кітап,
- мешіт, көпір, жол, емхана салу,
- ағаш егіп, бау-бақша өсіру,
- өнегелі ұрпақ тәрбиелеу.
Қазақтың аза тұту дәстүрлері:
- Көрісу мен көңіл айту – мойынға парыз саналатын аманат. Қазақ көңіл айтуға келген адамды қарсы алмайды, шығарып салмайды, әйтпесе бұл аруақты қорлау болып саналады.
- Жоқтау айту – марқұмның өмірін дәріптеп, елге өнеге ететін азалы жыр. Бұрын оны әйелі, қызы немесе жыраулар орындаған. Қазір бұл дәстүр тек кей өңірлерде сақталған.
- Ине-жіп үлестіру (тәбәрік) – көп жасаған қарияның өмірінен өнеге алу белгісі. Ине-жіп тарату арқылы «қарызын о дүниеге алып кетпесін» деген ниетпен жақсылық тіленеді.
- Жұбату шайы – азалы отбасының еңсесін көтеру үшін берілетін дәстүрлі шай. «Қаралы шай», «көңіл шай» «жұбатар» деп те аталады. Бұл ғұрып адамдарды бірлікке шақырады.
- Қара тігу – марқұмның жетісі өткен соң, оның найзасына немесе арнайы ағашқа қара ту байланады. Тудың түсі марқұмның жасына байланысты болған: жас болса — қызыл, орта жастағы болса — жартысы қызыл, жартысы қара, қарт болса — ақ. Қара ту тұрған үйді көрген адам ат басын бұрып, құран оқып, көңіл айтып шығатын.
- Шек беру – марқұмның рухына арнап 3 жыл қатарынан ас беру, құран оқыту және мұқтаждарға қайырым жасау дәстүрі.
- Жыл нәзірі – адам қайтқаннан кейін бір жыл өткен соң өткізілетін еске алу рәсімі, аза кезеңінің аяқталуын білдіреді.
- Ас беру – Елге еңбегі сіңген, немере-шөбере сүйген, жасы үлкен адамға арналған еске алу шарасы, аруақты ұлықтау мақсатын көздейді. Кейді тіпті ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
- Тұл аудару – марқұмның тұл аты сойылып, туыстарына таратылатын, рухты азат ету рәсімі. Егер марқұм ер адам болса, қара ту жығылады, ер-тұрманы шешіледі. Әйел адам болса – жүгі түзіліп, қара жамылғы алынады.
- Тұлдау – Артында ұрпақ қалдырмаған ер адамның жылынан кейін үйдің түндігі, керегесі, уығы алынып, шаңырағын түсіріп, қазанын төңкеріп, отын өшіру арқылы өмір жалғасының үзілгенін білдіру. Марқұмның жарына еркіндік беріледі, ал егер әмеңгерлікке келіссе, жаңа күйеуі шаңырақтан немесе керегеден кіргізіледі.
- Күмбез, кесене тұрғызу – қазақ халқы қайтыс болған адамды ешқашан бөгде жерге жерлемеген. Марқұмды атамекеніне, туған-туыстарының, руластарының қасына жерлеп, басына күмбез не қорған тұрғызған.
Адам өлімінің түрлері:
- Ақ өлім – жасы жетіп, өмірден табиғи жолмен, иманымен қоштасып, ұрпағының көз алдында тыныш дүние салу. Мұндай өлімді халық ең қасиетті, ең жеңіл ажал деп санаған.
- Ер өлім – ел мен жерді, отбасын қорғау жолында қаза табу. Сондай-ақ өзгені аман алып қалу үшін өмірін құрбан ету де ер өлімге жатады.
- Арам өлім – өзіне қол жұмсаған, ұрлық, опасыздық, не дау-жанжал салдарынан қаза болған адамдардың өлімі.
- Ез өлім – қорқақтық, жалқаулық, жігерсіздік салдарынан аштан өлу, елінен безіп, жанын сауғалап жүріп мерт болу сияқты жағымсыз себептермен болған өлім.
- Ит өлім – себепсіз қаңғып жүріп, айдалада көмусіз қалу, қулық-сұмдық немесе дүниеқоңыздық жолында опат болу. Дүниесі бола тұра емделмей, немқұрайдықтан қиналып жан тапсыру да осы түрге жатқызылған.
Қазақ дүниетанымында өмір мен өлім – бір-бірінен бөлек емес, егіз ұғымдар. Адам өмірінің мәні оның артында қалдырған ізінде, рухында, ұрпағының жадында өлшенеді. Қазаға қатысты салттар мен ғұрыптар – осы мәңгілік байланыстың көрінісі. Олардың түп мақсаты – адамды ұмыттырмау, рухын дәріптеу, тірілерге сабыр мен сабақ беру. Сол арқылы халық өзінің адамдық қадірін, рухани тереңдігін сақтап қалған.