Қазақ би өнерінің амбассадоры
Шара Жиенқұлова – қазақ би өнерінің амбассадоры. Отандық хореографияның қалыптасуына мол үлес қосқан заңғар тұлғаның дара жолында өшпес мұралары қалды.
Шара Жиенқұлова 1912 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлшара.
Әкесі Баймолда Жиенқұлұлы Жетісу өңіріне танымал молда. Ол туған бауырлары Байбұлан мен Нұрымбаймен бірге жеті жасында әке-шешесінен айырылып, жетім қалған. Жастайынан тіршілік тауқыметін тартқан ол ерте ширап, өз алдына өмір сүруге икемденіп өсті.
Гүлшара – Баймолда Жиенқұловтың екінші әйелі Тыныбаладан туған он бесінші қыз. Анасы Тыныбала жиырма жасына дейін ат шабыс, қыз қуу сындарында үнемі озып, көзге түскен өр мінезді ару.
Әуен сазының ырғағына сай шыр көбелек айналып билеу Шараның бала болмысынан қалыптасқан. 13 жасында алғаш рет сахнаға шығып, жайлаудың жүйліккен жұртын өз өнерімен таңқалдырған.
Шара Жиенқұлова сол уақыттағы естелігінен:
"Менің алғаш рет ортаға шығып билегенім тұманмен тең. Мен биімде бірде ат жарысын, бірде домбыра шерткен адамдарды немесе кілем өрнегін бейнелеп, қозғалдым. Жан-жақтан мақтау сөз төгіліп жатты, бірақ мен қолыммен көзімді жауып, жазық далаға жүгіріп кеттім", - дейді өнерпаз
Жайлау халқының құрмет-кошеметі мен бата-тілегі кәсіби өнердің биігіне бастау болды.
Жас бишінің өміріндегі бетбұрыс.
16 жастағы Гүлшара Жиенқұлова әкесінің үйінен жасырын шығып, махаббатына қарай асығады. Оның сүйіктісі Құрманбек Жандарбеков – белгілі әртіс, кәсіби театр өнерінің саңлағы. Махаббат жолында барлығына дайын болған Құрманбек барлық қиындықтармен бірге күресе келе Шараның өміріне үлкен сахнаның есігін ашады.
Білімі
Тоғызжылдық мектепті жеті жылда бітірген. 15 жасында Қазақ қыздар педогогикалық институтына түскен.
Шығармашылық
Шара Жиенқұлованың би өнеріндегі профессионалды жолы 1928 жылы басталады. Зейнеті мен бейнеті қатар жүретін би өнерімен бірге актрисалық жолды таңдаған Шара 16 жасында Әуезов Қазақ драма театрының керуенді көшіне араласып кетеді. Алғаш сомдаған рөлі – Бейімбет Майлиннің "Майдан" пьесасындағы Пүліш образы.
Алғашқы гастрольдік сапары 1930 жылы Семей, Ақмола, Қызылжар, Кереку бағыты бойынша өтті. Онда Шара Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев сүйемелдеуімен қазақ, татар, ұйғыр билерін мың бұрала билеп, халық қошеметіне бөленген.
Шара Жиенқұлова кинофильм саласында өз таңбасын қалдырды. 1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмінде Балым рөлінде, 1957 жылы Шәкен Айманов түсірген «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде қазақтың мың бұрылған бишісі ретінде өзін-өзі сомдады. Бұл фильмде оның өнері және актёрлық шеберлігі көрермендерге жоғары бағаланды.
Қазақ би өнерінің амбассодоры болған Шараның репертуарында дәстүрлі қазақ билері мен авторлық хореографиялық туындылар бар. Бірнеше бидің авторы ретінде шығарған оқулығы да бар. Оқулықта әуен ырғағына сай би қимылдары түсінікті тілде жазылған. Ол өзінің кәсіби өнерімен, хореографиясымен және ұлттық бидің түрлі аспектілерін шебер меңгеруімен ерекше. Жиенқұлова қазақ биінің техникалық күрделілігін және әсемдігін сақтай отырып, оны жаңа деңгейге көтерді.
Шара Жиенқұлова қазақ биінің әлемдік сахнада танытуымен қатар, ұлттық мәдениетті насихаттау мен би өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан тұлға болып табылады.