Қазақ киносының саңлағы
Кино - ең мықты идеологиялық құралдардың бірі. Кино арқылы бүтін бір ұлттың тәрбиесіне араласуға болады. Қазақ кино әлемінің дамуына, өзіндік жол бастап, күні бүгінге дейін сақталуына бірқатар тұлғалар аянбай еңбек етті. Солардың бірі қазақ киносының саңлағы – Шәкен Аймановтың туғанына 15 ақпан күні 108 жыл толды.
Шәкен Аймановтың кино әлеміне жасаған алғашқы қадамының өзі де тарихи сәт. Бұл туралы актер, әрі режиссер өз естеліктерінде былай дейді: «Соғысқа дейінгі кезең. Киноға түсуге кино алаңына келдім. Бұл 1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссеры – М.Левин. Бір сағат қана тамашалуға келгем. Бірақ кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім. Режиссерге келіп, өзіме роль беруін өтініп едім, ол маған рольдердің бәрі тарқатылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса, несі бар. Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім. Сол күні мені түсіріп алды. Сол күннен бастап, менің киноға деген ерекше махаббатым оянды.
Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім. Қолымнан келген шаруаларды атқара беремін. «Алда тағы кино түсіретін болсам, саған міндетті түрде роль беремін», – деп өз уәдесін берді М.Левин. Режиссер өз уәдесінде тұрды. Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмінде Сәрсеннің роліне бекітті. Осылайша, мен киноактер болдым», – деп жазады.
Бұл жай ғана кездейсоқ жағдай немесе үлкен таңдау жасау кезінде оң шешім шығару үшін берілген мүмкіндіктей көрінуі де мүмкін. Бірақ ол өзінің киноға кездейсоқ келмегенін айтады. «Мүмкін, мен кино алаңына кездейсоқ келген шығармын. Мүмкін мен киноға түскімде келген шығар. Бірақ олар менің дарынымды танып, байқауы үшін ерекше еңбек еттім. Бар күш-жігерімді жұмсадым», – дейді
Шәкен ағаның бағын жаққан, ең ірі рольдерінің бірі – Жамбыл бейнесі. Шәкен Айманов кино әлеміндегі бұл кезеңі турады ерекше бөліседі. Әуелде режиссерге Шаймұхамедтің ролі тиген екен. Ол кезде Шәкен аға отыз алты жаста. «Жамбылмен менің ұқсастығым шамалы. Түрім Жамбылдың не жас шағына, не қартайған кезіне келмейді. Ал маған бекітілген Шаймұхамедтің ролі ұнамайды. Ойнағым да келмейді, әрі бас тарта да алмаймын. Дайындық кезінде Ефим Львовичке басқа өлең оқып көрейінші деп өтініш жасадым. Қолыма домбыра алып, өлең оқуды бастап кеп жібердім. Абайдың, Жамбылдың, Сәбиттің өлеңдерін бірінен кейін бірін төгілтіп жатырмын. Менің есте сақтау қабілетім ерекше еді. Кез келген өлеңді үш-төрт рет оқысам, жаттап алатын едім. Түрлі-түрлі образға еніп алып, өлеңді құйқылжытып жатырмын. Бір кезде режиссер: «Тоқта, тоқта. Мынауың Шаймұхамедтің образына келіңкіремейді. Сен Жамбылдың ролін ойнағың келмей ме?», – деп сұрады. Ойнағанда қандай?! Осылайша, Жамбыл бейнесін алып шықтым». Бұл режиссердің өмір жолындағы кино әлемімен байлнасты естеліктерінен бір үзік сыр.
Сонымен қатар Шәкен Айманов театрдың танымал актерлерінің бірі еді. Тіпті «Абай» ролі үшін режиссер Мемлекеттік сыйлық та иеленген. Дегенмен киноға деген кіршіксіз махаббат оны кино әлеміне қарай жетелей берді. Театрда сомдаған рольдерің бір бөлек болса, кинодағы рольдердің орны мүлдем бір бөлек.
Замандастарының көбі Шәкен Аймановтың мейірімді, білікті, сұлу, ақылды, дарынды, адамгершілігі мол, қайырымды жан екенін жиі айтады. «Тақиялы періште» фильмінде Айшаны сомдаған актриса Шолпан Алтайбаева: «Шәкен Айманов – нағыз қазақ еді. «Менмін» деген әр қазақ дәл Шәкен Аймановтай болса ғой деп армандаймын. Мінезі қандай еді?! Шәкен Аймановтай актердің жанын түсініп, актерді ерекше сүйген режиссер көрген емеспін», – дейді.
Расында, тағдыр Шәкен Аймановтың бір басына барлық дарынды үйіп-төгіп бере салғандай. Әйгілі «Атаманның ақыры» фильмінде «Жиырма бес» әнін орындаған Шәкен Аймановтың өзі болатын. Уақыт өте келе оның әншілік қыры да ашылып, бірақатар әндерді орындайды. Жиырма жылдай театр сахнасында көрсеткен рольдері мен актерлік шеберлігі куә.
Кинорежиссер ертінде «Алдаркөсе», «Атамекен», «Тақиялы періште, «Атаманың ақыры» және т.б. фильмдерде бой көрсетеді. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періштенің» әрбір эпизодын жатқа біледі. Бұл фильмде аңғалдық та, мейірімділік те, жеңіл әзіл-әжуа да кездеседі. Тіпті қазірде отбасымен бірге тамашалайтын отандық фильмдердің бірі.
Өнерді шынайы сүйген жанның қолынан әрдайым шынайы дүние ғана туады. «Оператор да, суретші де, композитор да сөз жоқ талантты болуға тиіс. Тіпті, админстратор мен пиротехникте ерекше дарынды болса деймін. Дегенмен, фильмнің жетістікке жетуіне де, құлдырауына да кінәлі адам – режиссер», – дейді Шәкен Айманов.
Шәкен Айманов түсірген әрбір фильм әлі күнге дейін құнды. Мүмкін оны нағыз кино режиссер еткен де өнерге деген адалдығы шығар. Шәкен Айманов бір сөзінде: «Он бес жылда он фильм түсірдім. Өзімді әлі толыққанды кинорежиссермін деп айта алмаймын», – деген еді. Бұл Өнерді шынайы сүйген жанның өзіне берген бағасы еді.
Алматыда орналасқан «Қазақфильм» киностудиясы Шәкен Аймановтың атымен аталып, қазақ кино әлемінің саңлағы салып кеткен дара жолды жалғастыруда. Киностудияда Аймановқа арналған музей ашылып, ескерткіш бюст орнатылған. Павлодар қаласында Шәкен Айманов атындағы кинотеатр ашылған. Бұның барлығы ұлы даланың ұлы перзентіне деген тамшыдай сыйластығы. «Экран шебері» атағын иеленген режиссердің шебер туындылары бүгіде біздің мол мұрамызға айналды.
Автор: Мөлдір Адамжан
Суреттр: баспасөз қызметі мұрағатынан