Қазақ мектебінің алғашқы қоңырауы қашан соғылды?
Ыбырай Алтынсарин қазақ қоғамының білімге қаншалықты мұқтаж екенін анық түсініп, қазақ балаларының білім алуы үшін әрекеттенген алғашқылардың бірі болды. Қолдау көп болмаса да, айқын мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды.
Ауыл-ауылды аралап, халыққа білімнің маңызын түсіндірді. Жергілікті жұрттан аз-аздан қаражат жинап, өзі деқалтасындағы соңғы ақшасын аямады. Сөйтіп, мектеп ғимаратын салуды өзі бастап кетті. Құрылыс жүріп жатқанда қамал комендантының аудармашысы болып қызмет етті. Бос уақытында ауылдан балаларды әкеліп, үйінде орыс тілі пәнінен сабақ беретін.
1864 жылдың 8 қаңтарында Торғайда көптен күткен мектептің салтанатты ашылуы өтті. Бұл күн – қазақ халқының ағарту тарихындағы ақжолтай күн. Қазақ даласында оны «Қара шаңырақ», «алғашқы қарлығаш» деп атады.
Мектептің іргетасын қалаған адам – Ыбырай Алтынсарин. Ол тек ұстаз ғана емес, халыққа шамшырақ болған тұлға еді. Мектепке алғашында 14 бала келіп, партаға отырды. Ыбырай атамыз олардың ынтасын көріп:
«Менің көптен күткен мектеп ашу арманым орындалды, ол мектепке 14 қазақ баласы – тым тәуір, саналы балалар келіп түсті», – деп қуана жазған екен.
Мектеп ашылғанда Ыбырай Алтынсариннің жазған «Кел, балалар, оқылық» өлеңі – тек өлең емес, бүкіл бір дәуірге жасалған үндеу болатын:
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.

Ең алғашқы қазақ мектебі ашылғанда туған өлең бүгінге дейін мектеп бағдарламасында сақталған.
Қазақ тіліндегі мектептердің динамикасы:
🔹 1987–1988 оқу жылы
– Жалпы мектеп саны: 7 900
– Қазақ тілінде оқытатын мектеп: 2 540
– Үлес салмағы: 32%
🔹 1999–2000 оқу жылы
– Қазақ мектептерінің саны: 3 474
🔹 2025 жыл
– Елімізде жалпы мектеп саны: 8 000-нан астам
– Қазақ тілінде оқытатын мектептер: 4 000-нан астам
Ыбырай Алтынсариннің бұл ісі – бүгінгі білімнің іргетасы. Сансыз қиындыққа қарамастан, ол қазақ даласында алғаш болып оқу-білімнің шамын жақты. Ол жаққан сол шырақ әлі өшкен жоқ. Нәтижесінде 2025 жылға дейін қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны шамамен 57,5%-ға артқан.