Қазақ вальсінің королі - ән аға

Бүгін «Қазақ вальсінің королі» атанған, «ән аға» Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Ұлтымыздың мәдениетінде есімі елеулі композитор 1930 жылдың тамызында, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген.

whatsapp-image-2022-08-15-at-163507jpg 

Шәмші шығармаларының басты тақырыбы - елге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік. Оның әндеріне көбінесе Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындары қалам тербеді.

Ұлы даланың әсем жерлерін жырға қосатын сазгердің «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен» әндері көпшіліктің жүрек төрінен орын алған. Шаттықпен шырқалатын «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Бәрінен де сен сұлу» әндері де халық арасына кеңінен тарап, тойдың, жиындардың сәнін келтіреді. Әсіресе, 60-70-жылдары Шәмшінің танымалдылығы артып,  халық оны "Қазақ вальсінің королі" деп атап кеткен.

Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша ықыласқа ие болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып ресми түрде бекітілді.

Бұл туралы Шәмші Қалдаяқов былай дейді: «Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бө,лшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді».

Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда жасы 62-ге қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Оның артында 300-ден астам мол мұра қалды.

Композитордың құрметіне 1992 жылдан бастап, сазгерлер мен әншілерге арналған Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль өткізіліп келеді. Шымкент қаласындағы облыстық филармония мен бір көше, Алматы қаласындағы бір көше және композитор туған Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі - Қалдаяқов есімімен аталады.

1991 жылы Шәмші туралы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деректі телефильмі түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді. 2017 жылы «Хабар» арнасы Шәмші Қалдаяқов туралы "Ән аға" атты телехикаяны көрермен назарына ұсынды. Сазгердің ғұмыр жолы б\суреттелген бұл туынды көпшіліктің көңілінен шығып, араға уақыт сала экраннан қайта таспаланып тұрады. 2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90  жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

 

Автор: Мөлдір Адамжан 

Сурет: баспасөз қызметі мұрағатынан

Көбірек оқыңыз