Қазақстанның ұлттық валютасы – Теңге: Тәуелсіздік пен бірліктің символы

1993 жылы 15 қараша күні тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, таңғы сағат 8:00-ден бастап теңге елдің ресми валютасы мәртебесіне ие болды. Үш күннен кейін, 18 қарашада, ол Қазақстан аумағындағы жалғыз заңды төлем құралына айналды. Осылайша, Қазақстан экономикалық тәуелсіздік жолына нық қадам басты.

Ұлттық валютаны енгізуге дайындық 1992 жылдың басында басталды. Сол кезде ел басшылығы ұлттық валютаға көшудің маңыздылығын түсінді. Сол жылы Қазақстан Ұлттық банкі банкноттарды шығару бойынша жетекші әлемдік компаниялармен келіссөздер жүргізіп, алғашқы банкноттарды басып шығару үшін "Harrison" компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Бұл компания жоғары деңгейдегі қорғаныс элементтері бар банкноттар шығаруда мол тәжірибеге ие болатын.

Ұлттық валютаны әзірлеу барысында елдің мәдени мұрасын айшықтау басты мақсат болды. Нәтижесінде, теңгеге қазақ тарихындағы, ғылым мен мәдениеттегі ірі тұлғалар бейнеленді. Банкноттардың бір жағында тарихи тұлғалар бейнеленсе, екінші бетінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сияқты сәулет ескерткіштері бейнеленді. 

Алғашқы теңге банкноттарының номиналдары 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгеден тұрды. Әр купюра түрлі элементтермен жабдықталды. 1993 жылы жеті түрлі банкнот шығарылып, монеталар шығаруға дайындық басталды. Сонымен қатар банкноттарға ұлттық ою-өрнек енгізіліп, ол өз кезегінде қазақ халқының мәдени мұрасын бейнеледі. Мәселен, 1 теңгеде ұлы шығыс ойшылы әл-Фараби (870-950) бейнеленсе, 3 теңгеде – ауыз әдебиетінің шебері Сүйінбайдың портреті орналасты.

Теңге енгізілгеннен кейін ел экономикасы түрлі қиындықтарға тап болды. Соның ішінде инфляция деңгейі жоғарылап, баға 11,4 есеге өсті. Орташа жалақы 3090 теңгеге дейін көтерілді. Инфляцияны бақылау мақсатында 200, 500 және 1000 теңгелік ірі номиналдар шығарылды.

Экономикалық қиындықтарға қарамастан, теңге Қазақстанның қаржы жүйесінде тұрақты орын алды. Теңге тәуелсіздіктің, сенімділіктің және жаңа экономикалық шындықтарға бейімделудің символына айналды. Қазақстан басқа кеңес республикаларына қарағанда, өз валютасын ойдағыдай енгізіп, ел экономикасын тұрақтандыруда үлкен жетістіктерге жетті.

Айта кету керек. теңге уақыт талабына сай дамып келеді. 1995 жылы алғаш рет мыс және никельден жасалған монеталар пайда болды. Сондай-ақ БҰҰ-ның 50 жылдығына арналған күміс монета және "Жібек жолы" алтын монетасы сияқты мерейтойлық монеталар шығарылды.

Теңгенің енгізілуі қазақ халқының экономикалық дербестікке ұмтылысын айқын танытты. Ел өз ақшасына ие бола отырып, жаһандық экономиканың сан түрлі өзгерістеріне төтеп беруге мүмкіндік алды. Теңге жылдар бойы инфляция мен дағдарыстарды жеңіп, ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтап келеді.

15 қараша – бұл Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігі мен ұлттық болмысын айқындаған маңызды күн. Қазақстан халқы өз теңгесімен мақтана алады, себебі ол елдің тарихы мен болашағын бейнелейтін басты рәміздердің бірі.

1

Көбірек оқыңыз