Қазақтар жүкті әйелді қалай қорғаған?
Қазақ ежелден жүкті әйелге ерекше қарай білген. Өйткені ана аман болса — ұрпақ аман, ұлт аман. Қазақта әйел баласын аман-есен босансын деп түрлі ырым жасалған:
• Ауыр зат ұстатпаған – баласына зиян келеді, түсіп қалуы мүмкін деген.
• Алыс жолға шығармаған, беталды қыдыртпаған – ананың амандығын ойлаған.
• Ренжітпеген – көңіл-күйі баланың мінезіне әсер етеді деп сенген.
• Жерік асын тапқан – жерігі қанбаса, бала кем туады деген.
• Су көтертпеген – суегіз болады деген сенім болған.

Жүкті әйелге тіл-көз тимесін деп үкі қауырсыны, күміс теңге, тұмар таққан. Сондай-ақ оны арықтан, керулі арқаннан аттатпаған, сиыр саудырмаған, түйе өнімдерін бермей, ит пен сүзеген малға жақындатпаған.
«Аяғы ауыр әйелдің бастапқы үш айы қауіпті кезең, баланың орнықпаған кезі деп санап, бөтен адамдарға естіртпеген. Алғашқы үш айда жүкті әйел кең киімдер киіп, басқалардан аяғы ауыр екенін құпияда ұстаған. Әйел босанар кезде ақсарбаз қой қалжаға дайындалады. Босанған түні оны сойып, оң жақ асық жілігімен қоса асып, әйелге жегізген. Қалжа жеген әйел қалжырамайды, кеткен қаны толығады деп есептеген», - дейді этнограф Болат Бопайұлы.