Қол алысып амандасу қазаққа тән бе?

Қазақ халқы амандасуды әдеп пен адамгершіліктің бастауы деп білген. Ақ сақалды ата мен ақ жаулықты ананың алдынан кесе-көлденең өтпеу, үлкенге иіліп сәлем беру — ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс. «әліппе – білім анасы, сәлем – сөздің атасы» деген нақыл да содан шыққан.

Этнографтар мен зерттеушілердің пікірінше, қазақтың ең көне амандасу формасы — «Армысыз?» деген сөз. Кішілер үлкенге осылай үн қатып амандасқанда, үлкендер «Ар ма, қарағым?», «Арлы бол!» деп жауап қайтарған. Бұл кездейсоқ емес, себебі қазақ ұғымында «ар» сөзі тазалықтың өлшемі, яғни бұл «Тәнің, ниетің, арың таза ма?» деген рухани сауал.

«Сәлем» сөзі мұсылмандықпен бірге келді. Кейінгі дүниежүзілік коммунистік система күйрегеннен кейін, жаңа жүйеге көшкенде, глобализация дәуірінде Исламның күшеюіне байланысты «Ассалаумағалейкүм» кең тарап жатыр. Тіпті әйелдер де солай амандаса бастаған. Алайда бұрын қазақта әйелдер олай айтпаған», - дейді тарихшы, этнограф Бабақұмар Хинаят.

Бабақұмар Хинаяттың айтуынша, қазақ салтында үлкен адам өзі қолын ұсынбайынша, жасы кіші адам алдымен қол созбайды. Қол алысу дәстүрі қазаққа кеңестік кезеңде, коммунистік жүйе арқылы келген. Ол бұл әрекетті «бөтен жұрттан жұққан жат әдет» деп сипаттайды:

«Адамның қолын алғанда оның бұған дейін не ұстағанын білмейсің, қаншама вирус, тері ауруы бар шығар. Энергиясы, аурасы қандай екенін білмейсің. Бұл өте үлкен қасиетсіз нәрсе, құл-құтанға тән нәрсе».

Этнографтың ойынша, ілтипат білдіргің келсе, оң қолыңды жүрек тұсына қойып, сәл иіліп амандасқан жөн. 

Қоштасарда «Сәлем айт!» дей салу бүгінгінің жеңіл сөз тіркесіне айналып кеткендей. Алайда, тарихшылардың айтуынша, бұрын қазақ: «Пәленбайға менің атымнан үш қайтара сәлем айт!» деп тапсырма беретін болған. Мұнда жай ғана хабар беру емес, терең құрмет, сағыныш пен ілтипат жатыр. Сәлем жолдау – ағайын арасын жақындастырушы, татулығын сақтаушы қатынас құралы. Мұның өзі аманатпен пара-пар.

Жолданған сәлемнің тиісті жауабы да бар. «Үш қайтара сәлем айтты» дегенде «Сәлемет болсын, аман болсын!» деп жылы жауап қатып, ізгі тілегін білдіреді.

әдет-ғұрып
Көбірек оқыңыз