Қосарлы есімнің қасиетті мағынасы
Адамның есімі – дүниеге келген сәтінен бастап өмірлік серігіне айналар бойтұмар. Ата-анасы лайықты есім таңдаған соң, сәбиді отбасымен, шыққан тегімен, арғы атасымен байланыстыратын берік иірім пайда болады.
Ата-аналардың сәбиге есім таңдауда ең басты назар аударатын ерекшеліктері әртүрлі – бірі әдемі дыбысталуына, ал кейбірі мағынасына мән береді. Біреулер үшін есімнің сирек кездесуі маңызды. Бұл санатқа қосарлы есімдерді жатқызуға болады. Алайда сирек кездескенімен, олар аз емес.
Қосарлы есімдер туралы айтқанда, Менгу Темір, Орда Ежен, Арық Бұға, Мұхаммед Хафиз, Айша Бибі, Тимур Мәлік, Желал ад-Дин, Ұлы Мұхаммед сияқты көрнекті тарихи тұлғалардың есімдерін еске алуға болады. Мұндай есімдер адамның шыққан тегі мен әлеуметтік мәртебесін білдірген.
Қосарлы есімнің ең танымал иегерлерінің бірі – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның әкесі Кемел Тоқаев – қазақтың белгілі жазушысы. Сөздің мағынасын, қасиетін ұғынған абзал жан ұлына есім таңдауда барынша мұқият болған.
Президент есімі екі толыққанды қазақ есімдерінен құралады. Біріншісі Қасым – қазақ халқының арғы атасының құрметіне қойылған. Қасым хан – Қазақ хандығының 1511–1521 жылдарғы билеушісі болған, атақты Шыңғыс ханның ұрпағы. Ол Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның ұлы. Қасым хан Қазақ елінің территориялық аумағын қалыптастырумен қатар, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де бар күш-жігерін салды.
Ал Жомарт есімі қазақ тілінде адам көңілінің кеңдігін сипаттайды. Баланың бұл есіммен аталуы тегін емес, ата-анасы оның мейірімді, жомарт, қолы ашық, жүрегі кең адам болып өскенін қалаған. Мұндай көңілі кең адамдарды қазақ халқы «Атымтай Жомарт» деп атаған. Бұған дәлел –қазақтың педагог-ағартушысы, жазушы, фольклоршы, қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, «Қазақ хрестоматиясы» және «Қазақтарды орыс тіліне оқытуға бастапқы басшылық» оқулықтарының авторы, сондай-ақ Л.Н.Толстой, И.А.Крыловтың мысалдары мен әңгімелерінің аудармашысы Ыбырай Алтынсариннің «Атымтай Жомарт» әңгімесі. Шығарманың кейіпкері – Атымтай Жомарт өзi есепсiз бай бола тұрып, күн сайын бiр мезгiл үстiне ескi-құсқы киiм киiп, отын кесiп, шөп тасып, жұмыс жасайды екен. «Маған бұйырған дәулетті өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм ғана тұтынсам, мал берген иесiне кінәлi болармын деп қорқамын», – деп, байлығын бақытына баламайтын жомарттығымен елге сыйлы болыпты.
Жаңа туған нәрестеге есім беру дәстүрі мен мәдениеті тамырын терең тарихтан алады. Халқымыздың «сыйлы азаматтардың жолын берсін» деп батасын алғызып, есімін беретін ырымы – жақсылыққа ниет ету. Бұл орайда мысал ретінде көптеген тұлғаларды атауға болады. Мұның бәрі – бала есімін таңдауда халқымыздың асқан сақтық пен үлкен жауапкершілікті сезінетінінің дәлелі.
2019 жылдан бастап елімізде азаматтарымыз әкесінің есімін дефис арқылы жазу мүмкіндігіне ие болды. Яғни, мәселен: әкесі Әли-Асқар болса, ұлдары Әли-Асқарұлы деп тіркеледі.
Қосарлы есім қазақ тілінде сирек кездессе де, таңсық емес. Ол тіліміздің байлығы мен сөзіміздің мағынасын айшықтап, ұлттық құндылықтарымызды арттыра түседі.
Автор: Мөлдір Адамжан
Фото: Бауыржан Байділдә