Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестріне 90 жыл
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – Қазақстанның аспаптық музыка өнері тарихындағы тұңғыш кәсіби және бірегей оркестр. Бүкіл әлемге қазақ мәдениетін, даланың теңдесі жоқ әуендерін, бірегей аспаптарын танытты. Биыл оркестрдің құрылуына 90 жыл толып отыр.
Оркестрдің негізін 1934 жылы Ахмет Жұбанов қалаған. Орны бөлек оркестрдің әр уақытта жетекшілері ауысып, олар өз кезегінде дарынды музыканттар шығарып отырды. Атап айтқанда, Шамғон Қажғалиев пен Нұрғиса Тілендиев сынды дирижерлер жетекшілік етті. Олар Жұбановтың дәстүрін жалғастырып қана қоймай, топтың репертуарын едәуір кеңейтті.
Фотосуретте Ахмет Жұбанов
1944 жылы оркестрге Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді.
– Оркестр ұрпаққа өлмес музыкалық жауһарлар қалдырған қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбаевтың есімімен аталады. Бұл Қазақстанның аспаптық музыка өнері тарихындағы тұңғыш әрі бірегей оркестр», - деп атап өтті директор Медет Куанышев.
Ауқымды жұмысымен, кең репертуарымен танымал бұл оркестрде бүгінде 135 музыкант бар. Ол жыл сайын 100-ден астам концерт беріп, 45 000-ға дейін көрерменді тартады. Музыканттардың репертуарында 5000-нан астам туынды бар, бұл олардың әлемдік музыка сахнасындағы мәдени және көркемдік маңыздылығын көрсетеді.
90 жылдық мерейтойғаорай оркестр Қазақстанда да, шетелде де бірқатар айтулы шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Музыкалық топ Түркіменстанға барып, Ашхабадта өнер көрсетпекші, онда қазақ халық музыкасының бірегей туындылары көрермендер назарына ұсынылады.
Сонымен қатар, мерейтойлық гастроль аясында оркестр Қарағанды және Қостанай қалаларында қазақстандық көрермендерді жарқын және есте қаларлық қойылымдарымен қуантады. Бұл іс-шаралар оркестрдің Қазақстанның мәдени елшісі ретіндегі маңыздылығын және оның ұлттық музыка мәдениетін сақтау мен насихаттауға қосқан үлесін көрсетеді.