Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?
Халық арасында кең таралған «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?» деген мақалдың түпкі мағынасына келгенде, көпшілік екіге бөлінеді. Бірі бұл сөзді тура мағынасында түсініп, «қыз қалай ауыр болады?» деп таңырқаса, енді бірі жұмбақ, астарлы ой іздейді. Бірақ, шындығында, бұл мақал терең тарихы бар, мағынасы уақытпен көмескіленген көне сөздің ізі.
Мақалдағы негізгі кілт — ауыр сөзі. Біз оны көбіне «салмақты», «жүк», «зіл» деген мағынада қабылдаймыз. Бірақ көне түркі тілінде бұл сөз мүлде басқа мәнге ие болған.
Қазақ тілі оқытушысы, PhD докторы Марлен Әділовтың зерттеуінше, Орхон, көне ұйғыр және қыпшақ ескерткіштерінде ағыр/ауыр сөзі «қымбат», «бағалы», «құрметті» деген мағынаны, Диуани лұғат ат-түркте ағыр — «құрметті», ал қазіргі түркі тілдерінен түрік тілінде ağır - «бағалы, қымбат, құрметке ие»; ağır misafir - «құрметті қонақ»; әзербайжан тілінде agır - «өте қымбат»; сары ұйғырлар тілінде агыр - «қымбат»; тува тілінде - аар; якутшада - ыар. Сонда «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?» деген сұрақ «Қыз қымбат па, тұз қымбат па?» болып шығады.
Ал енді неге дәл қыз бен тұз?
Қазақ дүниетанымында қыз — ең қымбат, ең ардақты жан. «Қыз — елдің көркі» деп, оны төрден орын беріп, ерекше қастерлеген. Көне ескерткіш тіліндегі қыз сөзінің өзі «қымбат» деген мәнде қолданылған.
Ал тұз — тіршіліктің нәрі, ең қажет, ең бағалы табиғи қазына. «Астың дәмін тұз келтіреді» дейді халық. Сондықтан бұл мақалда екеуі де — өмірдің мәнін айқындайтын екі асыл ұғым.
Осы мақал арқылы ата-бабамыздың дүниетанымы, құндылық өлшемі, тілдік мәдениеті көрінеді. Бір ғана сөздің мағынасы ғасырлар бойы өзгеріп, бүгінгі күнге мүлде басқа реңкте жеткен. Ал оның көне мағынасына үңілсек, халқымыздың сөзінде қандай байлық жатқанын аңғаруға болады.
Сондықтан да, бұл мақал бізге тек тілдік құбылысты емес, құндылықты сақтаудың да маңызын еске салады. Қыз — қымбат, тұз — қымбат. Бағалы дүниені қастерлейік, қадірін білейік.
Ал сіз бұған дейін бұл мақалдың түпкі мәнін білдіңіз бе?