Қыз ұзату тойына дейін қандай жоралғылар жасалуы керек?

Қыз ұзату – қазақ халқының аса құрметпен қарайтын, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі. Бұл – тек қызды жаңа өмірге шығарып салу емес, бүкіл бір әулеттің абыройы мен тәрбиесінің көрінісі. Той маусымы басталған тұста осы бір әдемі дәстүрдің әр кезеңін қайта еске түсіріп, ұмыт бола бастаған мән-мағынасын жаңғыртып көрейік.

Қыз көру

Жігіт үйленгісі келсе, алдымен өзіне лайық, көңіліне қонымды қызды іздейді. Бұл салт бұрын «қыз көру», «жар таңдау» деп аталған. Қазақ жігіттері ол кезде аттың жүйрігін мініп, аңға шыққанда алғыр ит ұстап, жақсы мылтықпен жүрген. Ел ішінде «тегіне қарап қызын ал», «шешесіне қарап қыз өсер» деген сөздер айтылып, тәрбиелі, көргенді отбасынан қыз алу маңызды саналған.

Қазақ халқы «ырыс алды – қыз» деп, қыздарын аялап өсіріп, әдемі киіндіріп, қолөнерге баулыған. Қыз бала бойжетіп, балиғат жасына жеткенде «қызылды қызына, ұзынды ұлына кигізіп» оң жаққа отырғызып, үйде қызыл орамал тартып, түзге шыққанда қарқаралы тақия киген. Қыздың осы киіміне қарап, басының бос екені байқалып, қазақтар «қарқаралы қыз», «қызыл орамалды қыз» атаған.

Жаушы жіберу

Жаушы – қыз айттыруға арнайы жіберілетін елші. Ол үлкенді сыйлай білетін, сөзі мірдің оғындай, әзілді орнымен айтатын, салт-дәстүрді жақсы білетін адам болуы керек. Оның басты міндеті – қыздың әке-шешесін келісімге шақырып, екі жаққа құдалық күнін белгілету.

Қыздың ата-анасы мен жақындары жиналғанда, жаушы тікелей айтпай, астарлы, көркем тілмен сөйлейді. Мысалы: «Сіздерде лашын бар, бізде сұңқар бар, сол лашынды сұңқарға ілгізгелі келіп едім» деп, ойын жұмбақтап жеткізеді. Көп жағдайда мұндай сөздер өлеңмен немесе шешен тілмен айтылады.

Құда түсу

Қыздың әкесінен келісім келген соң, жігіт жағы құдалықты нақтылап, қалың мал жайын келісу үшін 7-8 сөзге шешен, әнші, домбырашы, палуандармен қыз ауылының жолын ұстайды.

Құдалар келе жатқанда арқан керу, құдаларға балшық, ұн жағу, тіпті құдалардың қол-аяғын таңып өгізге мінгізу сияқты әзіл-қалжыңдар да жасалған. Қазіргі кезде бұл үрдістен тек арқан керу дәстүрі сақталған.

Құдалар үйге кіргеннен кейін де өлең айтылып, күй тартылып, ұлттық ойындар ойналып, көңілді отырыс ұйымдастырылады. Қалың мал мөлшері келісілген соң, дәстүр бойынша ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалады. Оның қанына қол батырып серттескен. Бұл «қанға қан қосылды, енді туыс болдық» деген ишаратты білдіретін болған.

Қынаменде

Бұл - күйеу жігіттің қалыңдығын алғаш рет көруге арнайы келетін той. Құда түсіп, қалың мал берілгеннен кейін ұйымдастырылатын бұл салтанатты кеште ән, күй, би айтылып, жастар бас қосады.

Кей өңірлерде бұл дәстүр «ұрын келу», «қалыңдық ойнау», «есік көру» деп аталады. Күйеу жігіт қыз ауылына жасырын түрде, жолдас-жораларымен, түнде келеді. Жеңгелері мен ауыл жастары әзіл-қалжыңмен «есік ашар», «шымылдық байлар», «атбайлар», «отау жабар», «ентікпе», «балдыз көрімдік» сияқты түрлі кәделер сұрайды.

Бұл дәстүрде күйеу жігіт болашақ жарына алғаш рет жолығып, сөйлесіп, жақынырақ танысады. Ертеректе егер күйеу жігіт ұрын келмей тұрып, қыз ауылына рұқсатсыз баратын болса, бұл әдепсіздік саналып, қыздың туыстары ол үшін жазалайтын да болған.

Сырға салу

Сырға салу — қыз ұзату мен үйлену тойына дейін орындалатын маңызды дәстүр. Бұрынғы заманда атастырылған қыздың бас киіміне үкі тағылып, бұл оның басы бос емес екенін білдіретін. Қазір бұл дәстүр сырға салу рәсімімен алмастырылған.

Сырға әшекейленген қорапта әкелініп, алдымен оң құлағына тағылады. Бұл рәсімді әдетте күйеу жігіттің анасы не жақын туысы орындайды. Сол сәтте баталы сөздер айтылады.

Сырға тағылғаннан кейін арнайы құдалық дастарханы жайылып, екі жақ ақ тілек айтып, ән-күймен той салтанатын жалғастырады. Қалыңдықтың ата-анасына және құда-құдағиларға әкелінген қоржын сөгіліп, кәде-сыйлар үлестіріледі.

Қыз ұзату

Қыз ұзату тойы – қыз баланы келін болатын шаңырағына шығарып салу рәсімі. Бұл тойда қызға ерекше құрмет көрсетіліп, оған арнап ән-күй шырқалады.

Ең басты сәттердің бірі — сыңсу айту. Сыңсу айтылып жатқан сәтте күйеу жігіт анасымен бірге қалыңдықты күтіп тұрады. Қыз бала сәукелесін шешіп, жақын арада бақытты келін атансын деген ниетпен сіңілісіне сыйлайды.

Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында «Қоштасу жыры», «Жар-жар», «Ау жар», «Аушадияр» айтылады.

Белгілі жазушы Зейнеп Ахметованың айтуынша, бұрын қыз ұзатылғанда көшті қыздың анасы бастайды. Қасында бауыры мен жеңгесі еріп жүреді. Құда-құдағилар анасына «келініміз үйренгенше қасында болыңыз» деп өтініп, бірнеше күнге алып қалған.

Құдағиды шығарып салу – күйеу баланың міндеті. Ол енесімен бірге жолға шығып, сапар барысында енесі қызын аманаттап, ақыл-кеңесін береді. Осылай екеуінің арасында жақындық қалыптасады.

Күйеу бала атасының үйіне тәжім жасап кіреді. Ал аттанарда міндетті түрде ат жетектетіп немесе алдына бұзаулы сиыр салып береді, құр жібермейді.

тарих
Көбірек оқыңыз