Сарқыт алған дұрыс па, жоқ па?
Бала кезімізде ата-анамыз қонақтан қайтып келгенше, қалай көз ілмей күтетініміз естеріңізде ме? Өйткені кез келген жиыннан оралғанда, олар өздерімен бірге әрқашан сарқыт алып келетін. Дастархандағы барлық тағамдар мен тәттілер араласқан сол бір сөмке...
Мүмкін, біздің балалық шағымыз 90-жылдарға тап болып, көп үйде қазіргі кездегідей мол азық-түлік пен әртүрлі тәтті дәмдер аз болғандықтан ба, әйтеуір сол кездері сарқыт бізге кішкентай мереке сияқты қуаныш сыйлайтын.
Бүгін «Сарқыт» тақырыбын талқылайық.
Сарқыт – қонақтарға арналған дастархандағы дәмнің бір бөлігі. Ұлттық дәстүр және міндетті этикет. Сарқыт бермей немесе одан бас тартсаңыз, сіз әдепсіз адам болып көрінуіңіз мүмкін.
Сарқыт – бұл үй иелерінің қонақтарға деген құрметі мен қамқорлығының көрінісі. Арнайы келген қонақтардың барлығы алтын уақыттарын бөліп, жұмыстарын тастап келеді. Ал кейбірі кешкі ас дайындауға үлгермей, оны үйде балалары асыға күтіп отыруы мүмкін. Демек, сіз оларға қамқорлық көрсетесіз.
Сарқыт – сол жиынға келе алмаған қонақтарға арналған тағамдардың бір бөлігі. Қуанышты да, қайғыны да қатар бөлісу үшін арнайы шақырылған жандарға ас арқылы ерекше көңіл бөлу, құрмет көрсету.
Сарқыт – бұл туған күн иесінің, мейлі ол ақсақал болсын, мейлі сәби болсын, қуанышына ортақтасып, сол қуанышпен бөлісуді дәріптейтін дәстүр. Үй иесінің қонаққа айтар тілегі – «Жұғысты болсын!».
Сарқыт – іс жүзінде тамақ бұзылып, ысырап болмауы үшін ойлап табылған прагматикалық дәстүр.
Ал сіз сарқытқа қалай қарайсыз? Сарқыт алған дұрыс па, жоқ па? Қазір бұл дәстүр қажет пе?
P.S. Мен сарқыт алмаймын, өйткені мұны әр әйелдің жеке шаруасы деп санаймын.
Автор: Диас Камериданов
Аударған: Мөлдір Адамжан
Иллюстратор: @mussa.sketch