Софья Тасмағамбетова. Театрға деген махаббат
Софья Тасмағамбетова – нағыз сиқыршы. Ол костюм мен декорация бойынша суретші болса да, қазақстандық көптеген операларды нағыз өнер туындысына айналдырып келеді.
2022 жылдың соңында «Астана Опера» театрының сахнасында «Евгений Онегин» және «Қалқаман – Мамыр» спектакльдері қойылды. Сіз осы қойылымдардың костюм және декорация бойынша суретшісі болдыңыз. Бұдан қандай әсер алдыңыз?
Бұл спектакльдер фестиваль аясында көрсетілді, оларды «Астана Опера» арнайы іріктеп алды. «Қалқаман – Мамыр» – бұл ұлттық нақышы, ұлттық бояуы күшті спектакль, өте ауқымды опера. Менің қазақи ұлттық материалмен жұмыс істеу тәжірибем өте мол. Алайда мұндай жұмыстардың әрқайсысы өз алдына жеке сын: жаңа деңгей, жаңа талдау, жаңа шешім. «Қалқаман – Мамыр» қойылымынан алған әсерім тіпті тамаша: бұл режиссер Юрий Александровпен бірге жүргізген екінші жұмысым және мен оған дән ризамын.
Сондай-ақ, жылдың соңында сіз «Алпамыс» спектаклін безендіру жұмысы үшін «Спектакльді көркемдеп үздік безендіру» номинациясы бойынша өнер саласындағы Umai ұлттық сыйлығының лауреаты атандыңыз. Мұндай марапаттар сіз үшін қаншалықты маңызды?
Әрине, кез келген сый-сыяпат жақсы әсер қалдырады. Бірақ өзімнің алдыма қоятын талаптар мен мақсаттарым мен үшін маңыздырақ. Жалпы, шығармашылық процестегі,менің қиялымдағы декорация мен костюмдер және шынайы көріністе олардың қандай болу керектігі – екеуі екі түрлі әңгіме. Міне, осы қиялымдағы көрініс пен жұмыс нәтижесінде пайда болған көрініс барынша бір-біріне сәйкес келсе, мен үшін ең басты сыйлық сол болмақ. Жұмыс барысында мұндай сәйкестік бірнеше рет жүзеге асты.
Суретшінің жұмысы – бұл шығармашылық нұрға бөлену, шабыттану. Ал спектакль қою – өте күрделі өндірістік процесс. Осы екеуінің өзара қақтығыспауын қалай қадағалауға болады?
Шығармашылық адамдары белгілі бір тәртіпке бағына алмайды, олар жинақы емес, әрқашан да қиялдап жүреді деп қалыптасып қалған пікір бар. Бірақ та мүлде олай емес. Мен жұмысқа кіріскен кезде менің құзыретімде либретто, бюджет, техникалық жабдықтандыру мәселелері болады. Бұл жұмыстың басты негізі, керек болса, техникалық тапсырма. Оған қоса, спектакльдің режиссер ұсынған нақты концепциясы бар. Ия, мен шығармашылықпен айналысамын, алайда белгілі бір тәртіпсіз менің ісім мүлде бітпейді.
Бұл жерде ұсақ-түйек мәселелер де бар: материал сатып алу, сұлбалар, сызбалар жасау, әрі мерзімінде үлгеру керек. Мұндай жағдайда қалайша қиялданып, ойың қалықтап жүреді?
Олай мүмкін емес екендігі анық. Ал осындай жағдайда құлшынысты да жоғалтып алмау керек...
Әрине, біздің ісімізде құлшынысты жоғалтып алу жиі орын алып тұрады. Ол үзіліспен, қайта қалпына келумен «емделеді». Десек те, содан кейін жаңа күшпен, жаңа құлшыныспен қайтадан жұмысқа кірісесің, өйткені бізде күнделікті күйбең тіршілік, бірқалыпты конвейер деген жоқ. Әр спектакль – өз алдына жаңа туынды, әрі жаңа шабыт беріп отырады.
Сіздің ата-анаңыздың театр немесе сурет өнерімен еш байланысы жоқ. Сіздің суретші болуыңызға не түрткі болды?
Мен бала кезімнен сурет салдым. Суретші болуды армандадым. Ал театрға баруға үлкен әпкем Әсел кеңес берді, ол итальян киносының классигі Франко Дзеффиреллидің өмірбаянынан шабыт алатын. Оның бұл идеясы маған қызық болып көрінді: түптеп келгенде, көптеген суретшілер жұмыстарын театрда бастаған, мысалы,«Өнер әлемі» бірлестігінің танымал қатысушысы, Сергей Дягилевтің балет спектакльдерін рәсімдеумен айналысқан Лев Бакст. Шындығында, театрда жұмыс істейтін суретшілер сол жерде ұзаққа қалады деп маған ескерткен болатын. Ақыры тура солай болды ғой (күледі).
Сіз Ұлыбританияда білім алдыңыз, атап айтқанда, «Челси» өнер және дизайн колледжінде. Британдық білімнің ерекшелігі неде?
Алғашында мен Санкт-Петербургтағы Суретшілер академиясының станокты көркем сурет бөлімінде оқығым келген. Алайда ата-анам Англиядағы оқудан көбірек білім аласың деп шешті. Осылайша «Сәулет дизайны» мамандығы бойынша оқуға бардым.
Оқу тәжірибесі кезінде Англияда сәулет бюросында бір жыл жұмыс істедім. Маған өте ұнады, біра тереңірек классикалық шығармашылық білім алғым келді. Сөйтіп Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясына КСРО суретшісі Мұхамедқанафия Тельжановтың курсына оқуға түстім.
Ал енді Ұлыбританиядағы білім – соншама бір ғажайып деп айта алмаймын. Бірақ та бір артықшылығын айта кетейін: онда негізгі мамандық бойынша барынша көп пәндер оқытылады, ал керек емес пән мүлде жоқтың қасы.
Сіз өзіңіздің қызмет салаңызды түбегейлі өзгерте аламын деп ойлайсыз ба?
Әрине, ештеңеге шек қоюға болмайды. Жалпы, мен театрда ұзаққа қаламын деп ойламаппын, бірақ сол жерде жүргеніме де он жылдан асып кетті.
Сіз Қазақстаннан кеткенде нені сағынасыз?
Алматының көркемдігі мен рухын, біздің асханамызды. Түптеп келгенде өз үйімді, тауларды сағынамын.