Сүйінші. Байғазы. Көрімдік: айырмашылықтары неде?

Қазақ қоғамында қуанышты бөлісу мен жақынға құрмет көрсету ерекше мәнге ие болған. Соның айғағы — сүйінші, байғазы және көрімдік сияқты жоралғылар. Бұл дәстүрлер тек сый алмасу емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан әлеуметтік қатынас мәдениетінің көрінісі.

Сүйінші – қуанышты хабардың ақысы

Сүйінші — халық арасында жағымды жаңалықты жариялау құқығы. Қуанышты оқиғаны жеткізуші ауылға асығып келіп, «сүйінші» деп хабарлайды. Жаңалық иесі оның сұрағанын беруге тиіс болған. Бұл ақша, бағалы зат, тіпті ерте кезде адамның үстіндегі киімі немесе астындағы аты да болуы мүмкін. Қазақ сүйінші сұраған адамды ешқашан қайтармаған, тіпті «қалағаныңды ал» деуді мәрттік санаған.

Тұрмыстық құқықтық қатынастарда да сүйінші қолданылған: жоғалған малды немесе затты тапқан адам ақы сұрайтын. Мал табылса құнынан жиырмадан бірі, ұрыдан тартып әкелінсе бестен бірі, ал ұрының өзін ұстап берсе жарты құны берілген. Хабарды тек естіп жеткізгендерге «құлақ сүйінші» тағайындалған. Уәдесінде тұрмаған адам алған сүйіншінің бір бөлігін қайтаруы тиіс болған. Қызығы — сүйінші берілмесе, сұраушының үйден бағалы зат алып кетуге құқығы болған. Бұл сүйіншінің қазақ үшін қаншалық құнды ұғым екенін көрсетеді.

Байғазы – жаңа заттың құрметіне берілетін сый

Байғазы — көбіне жасөспірімдерге берілетін сыйлық. Бұл жансыз затқа байланысты сұралады. Бала жаңа киім алғанда, ата-анасы оны көрші-қолаңға «байғазыңды алып кел» деп жібереді. Бала арнайы өлең айтып, үлкендердің батасын алады:

«Киімімді көріңіз,

Етегіме төгіңіз.

Барар жерім әлі көп,

Байғазымды беріңіз!»

Дәстүр бойынша байғазы ретінде тиын, алқа, моншақ, тәттілер берілген. Ұл балаларға қамшы, жүген сияқты бұйымдар, қыздарға әшекейлер сыйланған. «Байғазыға байдың қызы» деген қалжың сөз де осы салттың бір бөлшегі.

Көрімдік – жаңа адамның құрметіне берілетін сый

Көрімдік — байғазы секілді, бірақ жандыға берілетін сый. Жаңа туған сәбиді, келінді, төлдеген малды алғаш көрген адам көрімдік береді. Бұл дәстүр сырға салу, қыз ұзату, беташар рәсімдерінде де көрініс табады.

Ұзатылып бара жатқан қыздың қос жеңгесі құдаларға: «Болашақ келіндеріңізді көріп, көрімдігін беріңіздер», – дейді. Содан жігіттің анасы жас келіннің маңдайынан сүйіп, барлық үлкендер ақ баталарын айтып, жеңгелеріне көрімдіктерін береді. Бұл жоралғы арқылы отбасы қуанышына ортақтасу, жақындардың арасындағы ізгілік пен ынтымақ нығая түскен.

Үш дәстүр де қазақ қоғамында әлеуметтік байланыстардың тұрақтылығын қамтамасыз еткен. Сүйінші – ақпарат пен қуанышты бөлісудің құқықтық-әлеуметтік нысаны, байғазы – баланың жаңа дүниемен қуануын қолдап, қоғамның оған назарын білдіретін жоралғы, ал көрімдік – жаңа өмірді, жаңа мүшені немесе жаңа тіршілікті құрметпен қабылдаудың белгісі. Барлығының түпкі мәні – адамдар арасындағы жақындықты күшейту, мейірім мен сыйластықты сақтау және игі жаңалықты қоғаммен бөлісу мәдениетін ұрпаққа жалғау.

Ал сіз айырмашылықтарын білдіңіз бе? Қай түрін қай кезде қолдандыңыз?

салт-дәстүр
Көбірек оқыңыз