Тарихта аты қалған қазақ әйелдері
Қазақ қоғамында елеулі еңбегімен тарихта аты қалған әйелдер жетерлік. Олар Ұлы дала аналары ретінде ұрпақ тәрбиесіне өлшеулі үлес қосты. Сонымен қатар маман ретінде де әртүрлі салаларда көш бастап, қазақ қыздарына еліміз бен мәдениеттің дамуына үлес қосатын алаңға жол ашты.
Дина Кенжеқызы Нұрпейісова – қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш күйші-әйел
Дина Нұрпейісова – қазақтың әйгілі күйші композиторы, Қазақстанның халық әртісі. 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген.
Күйші қыз жастайынан әйгілі Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйлерін орындап, ауыл-аймақтың арасында "домбырашы қыз" деп аталып кеткен. Талапты қыздың талантын естіп, әйгілі Құрманғазы күйші арнайы іздеп келген. Ол Динаның өнеріне сүйсініп, өзінің батасын берген. Дина Нұрпейісова "Еңбек ері", "Сауыншы", "Сталин", "Делегат", "Көкөніс" күйлерінің авторы.
Аққағаз Досжанова – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дәрігер
Аққағаз Досжанова – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер қызы, Алаш партиясының мүшесі. 1893 жылы Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Бөрті болысында дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде жаралы кеңес әскерлерін емдеген дәрігер ел мүддесі үшін аянбай қызмет етті.
1914 жылы Орынбордағы әйелдер гимназиясын тәмамдап, медицина мамандығында білім алу үшін Мәскеуге арнайы барып, медицина курсына қабылданған. Оқуын бiтiрген соң өз мамандығы бойынша гинеколог және педиатр болып қызмет етеді.
Дариға Байжұманқызы Тіналина – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кинорежиссер
Дариға Байжұманқызы – танымал кинорежиссер, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, КСРО кинематографистерінің үздігі. Ол1921 жылы Ақжар ауылы, Аршалы ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ол 22 жыл "Мосфильмде" қызметін бастап, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина және Қазақстанда кино түсірумен айналысқан. Актерлік өнерін қатар алып жүрген ол "Ақ роза", "Абай әндері", "Жамбыл", "Романтиктер", "Үкімет мүшесі", "Алып туралы ән" көркем фильмдерінде эпизодтық рөлдерді сомдайды. 1953 жылдан бастап режиссер ретінде жұмысын бастап, "Қазақстан кеңістігінде" атты ғылыми-танымдық фильмді түсірді. 1954-1958 жылдары "Мосфильм" студиясының режиссері ретінде "Салтанат", "Илья Муромец", "Ерекше тапсырма", "Алыстағы тауда" атты көркем фильмдердің түсіріліміне қатысады. 2009 жылы "Экран Шебері" атағына иеленеді. Сондай-ақ, ол "Черно-белое кино" атты монографиялық кітаптың авторы.
Күләш Жасынқызы Бәйсейітова – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш КСРО халық әртiсi
Күләш Бәйсейітова – қазақтың әйгілі лирика-колоратуралық сопрано әншісі, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол 1912 жылы Қарағанды облысында Ақтоғай деген ауылда дүниеге келген.
Күләш Байсейітова жастайынан әнге жақын болған, жеті жылдық мектепті бітірген соң ол педагогикалық институтта көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысады. 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрына қызметке қабылданады. Күләш Байсейітова Бейімбет Майлиннің «Майдан», Мұхтар Ауезовтың «Еңлік-Кебек» сынды спектальдерінде өнер көрсеткен.
Шара Баймолдақызы Жиенқұлова – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсiби бишi қызы
Шара Жиенқұлова – биші, педагог. Ол 1912 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Cахнадағы өнер жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында бастайда. 1924-1930 жылдары Шара Жиенқұлова Қазақ Педагогикалық Институтының тарих факультетінде білім алған.
Ұзақ жылдар бойына ұлттық би өнерін дамыту үшін ел аралап, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халық билерін зерттейді. Соның нәтижесінде "Тәттімбет", "Айжан қыз", "Қара жорға", "Қырық қыз" билері дүниеге келген.
Шара Жиенқұлованың сахналық образдардың ішкі жан сұлулығын бидегі пластикалық шешіммен әдемі бейнелей білген. Гастрольдік сапармен көптеген шет елдерде болды. Шара Жиенқұлова өз қолтаңбасын би өнерінде ғана емес, кино әлемінде де қалдырған. Ол 1938 жылы түсірілген "Амангелді" фильмінде Балым рөлін сомдайды. Сонымен қатар, 1957 жылы Шәкен Айманов түсірілген "Біздің сүйікті дәрігер" фильмінде қазақтың мың бұрылған бишісі өзін өзі ойнап шыққан.
Патшайым Тәжібаева – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш геолог-ғалым
Патшайым Тәжібаева – қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы геолог-ғалым. 1920 жылы дүниеге келген ол ғылыммен қоса қоғамдық қызметтерге де белсенді араласқан. Геология ғылымының ішіндегі іргелі сала литологияның негізін қалаған. Осы ізденісімен Кеңес одағы халқын таңғалдырған ол Ташкенттегі Орта Азия университетін тәмамдап, Қаныш Сәтбаевтан тәлім алған.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш
Хиуаз Доспанова – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш, жауынгер, батыр, ҚР-ның Халық қаһарманы. 1922 жылы 15 мамырда Атырау облысы, Ганюшкин ауылында қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген. Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат еткен. "Қызыл жұлдыз", ІІ дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен марапатталып, 2004 жылы Хиуаз Доспановаға көзі тірісінде еліміздегі ең жоғарғы "Халық қаһарманы" атағы берілген.
Нұрсұлу Елубайқызы Тапалова – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш балерина
Нұрсұлу Тапалова – балет артисі, әрі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі. 1923 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. 1936-1939 жылдары Қазақ музыкалық театры жанындағы студияда білім алған. Әрі 1936 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында соло-биші болған. 24 жасында Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі атанған.
Сондай-ақ, ол ұлттық опералардағы (Е.Г. Брусиловскийдің "Қыз Жібегі", А. Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абайы", М.Толебаевтың "Біржан Сарасы") жеке билерді нақышына келтіре орындаған. 1953 жылдан "Қазақконцерттің" солисі қызметін атқарып, эстрадалық ән-би, миниатюра жанрында еңбек еткен. Кино саласында да бақ сынап көрген. "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталған.
Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш әйел-елші
Ақмарал Хайдарқызы – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш елшісі және ел тарихындағы тұңғыш әйел-елші. 1948 жылы Алматы қаласында туған. Химия ғылымы кандидаты және саясаттану ғылымдарының докторы.
Ол – Қазақстанның сыртқы істер министрі (1989-1991 жылдары), ҚР БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты өкілі (1992-1999 жылдары), Франциядағы Төтенше және өкілетті елші (1999-2003 жылдары) және ҚР ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы (1999-2001 жылдары) болып қызмет еткен.
Арыстанбекова 30 жылдан аса уақыт халықаралық қатынастар саласында қызмет етіп келеді. Ол Қазақстанды әлемдік деңгейде танытқан тұңғыш әйел ғана емес, сондай-ақ химия және катализ, тарих, дипломатия, халықаралық құқық, саясаттану мәселелерін жете білетін жан-жақты ғалым болып табылады.
Тоты Әмірова – қазақтың әйелдері арасынан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел
Тоты Әмірова – Қазақстандағы тұңғыш ұшқыш әйел, Airbus 320 ұшағының командирі болған ТМД-дағы алғашқы әйел, авиаинженер-пилот және авиаэкономист.1969 жылы Өскеменде дүниеге келген. Ұзақ уақыт бойы "Эйр Астана" әуе компаниясында қызмет еткен. Шетелдік авиақұрамын дайындау курсын бітірген. Тәжірибесін Қазақстандық "Қазақстан әуе жолы", "Еуро-Азия", "Эйр Астана", "Эйр Қазақстан" авиакомпанияларында шыңдаған. 2007 жылы "Боинг-737", New generation-700, New generation-800 әуе кемелерінің "Эйр Астана" компаниясында ТМД бойынша алғаш әйел-капитаны болды.
Автор: Мөлдір Адамжан
Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан