Тұңғыш қазақ жиыны қашан өтті?
XX ғасырдың басы — аласапыран, тағдыршешті кезең. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін ел ішінде тәртіпсіздік, биліксіздік жайлады. Осындай алмағайып сәтте қазақ зиялылары елді аман сақтап қалу үшін 1917 жылдың 21–26 шілдесінде Орынбор қаласында бір тудың астына жиналды.
Қазақ тарихындағы тұңғыш жалпықазақ съезіне Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстары мен Бөкей ордасынан келген 20-дан астам өкіл қатысты. Халел Досмұхамедұлы төрағалық етіп, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлмұхамед Көтібарұлы, Міржақып Дулатов, Асылбек Сейітов хатшы болды.
Бұл жиынның бастамашысы – сол кездегі ұлттың сөзін сөйлеген «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы еді. Олар күн тәртібіне аса маңызды мәселе қойды – қазақтың өз алдына саяси партиясын құру.
Күн тәртібінде 14 мәселе болды:
- Мемлекеттік құрылыс;
- Қазақ автономиясы;
- Жер мәселесі;
- Халық милициясы;
- Земство;
- Оқу-ағарту ісі;
- Сот жүйесі;
- Дін мәселесі;
- Әйел теңдігі;
- Бүкілресейлік құрылтай жиналысы;
- Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі;
- Қазақ саяси партиясы;
- Жетісу оқиғасы;
- Федералистер сиезі мен оқу комиссиясына өкіл жіберу.
Съез қабылдаған басты қаулылар:
- Ресей демократиялық федеративтік республика болып, қазақ облыстары қоныс пен ұлтқа қарай автономия алуға тиіс;
- «Қазақ жеріне ел толық орналасқанша, жер ешкімге берілмесін», тартып алынған жерлер қазаққа қайтарылсын;
- Ұлттық халық милициясы құрылсын, «қазақ тұрмысына лайық» айрықша сот жүйесі енгізілсін;
- Земство қазақтың көшпелі тұрмысына бейімделсін;
- Әйелдер ерлермен тең, қалыңмал жойылсын, 16 жасқа толмаған қызға құда түсуге тыйым салынсын;
- Бастауыш білім міндетті болсын, алғашқы екі жылда ана тілінде оқытылсын, емле «Қазақ» газеті үлгісімен жазылсын.
1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда Екінші жалпықазақ съезі өтті. Оған Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу, Самарқан, Бөкей Ордасынан және Алтайдан 200-ден астам өкіл келді. Арасында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедұлы, М.Шоқай сияқты ұлт көсемдері болды.
Күн тәртібіне 10 ірі мәселе қойылды:
- Сібір автономиясы;
- Түркістан автономиясы және Оңтүстік-шығыс Одағы туралы;
- Қазақ-қырғыз автономиясы;
- Милиция туралы;
- Ұлт кеңесі;
- Ұлт қазынасы;
- Мүфтилік мәселесі;
- Халық соты;
- Ауылды басқару;
- Азық-түлік мәселесі.
Басты шешім:
- Қазақ-қырғыз автономиясы құрылсын, атауы «Алаш» болсын;
- Жер, су, жер асты байлығы Алаш мүлкі болып танылсын;
- 25 мүшеден тұратын уақытша Ұлт кеңесі – Алашорда үкіметі жасақталсын, оның 10 орны басқа этнос өкілдеріне берілсін;
- Уақытша астана – Семей қаласы;
- Елді қорғау үшін 26 500 адамнан тұратын милиция құрылсын.
Төрағалыққа Әлихан Бөкейхан сайланды. Бұл қазақ халқының дербес мемлекет болуға алғашқы қадамы еді.
Бүгінде халықты бір жерге жинап, маңызды мәселелерді талқылау форматы түбегейлі өзгерді. Ұлттық мүдде жолындағы құрылтайлар орнына заманауи форумдар, халықаралық конференциялар, кәсіби қауымдастықтардың кездесулері өтеді. Ауқым мен қатысушылар форматы өзгергенімен, түпкі миссия саналатын ел мүддесі үшін бас қосу сол қалпы сақталған.