Ұлт көсемі

Қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, ақтық демі қалғанша еліне адал қызмет еткен ұлт көсемі, қазақ зиялыларының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 156 жыл.

Ә. Бөкейханов 1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Ұлт көсемі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тараған төре тұқымынан шыққан.

Әлихан Бөкейханұлының өзінің жеке басына қатысты емес, ел мен жеріне қатысты бөлек ұстанымдары болған. Оны жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбай былай деп баяндайды:

Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. 

Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. 

Үшінші ұстанымы – Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. 

Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек.

Ал бесіншісі – ең негізгі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделуі керек.

Осы ұстанымдары негізінде дербес мемлекет құруды көздеген Әлихан Бөкейхан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым «Алаш» партиясының негізін қалады. Артынша, 1917 жылы желтоқсан айында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясын жариялап, Ә. Бөкейхан алғаш құрылған Қазақ Республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Ұлы Даланың ұлы перзентінің өмір жолы – еліміздің тарихи-мәдени мұрасы.

 

Автор: Мөлдір Адамжан

Көбірек оқыңыз