Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы

 Ахмет Байтұрсынұлы – тіл білімінің атасы, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Ана тіліміздің шынайы жанашыры – Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамында өз тіліміздің көлеңкеде қалмауы үшін аянбай еңбек етті. Осы жолда бірқатар еңбектер жазып, зерттеу жұмыстарын жасады. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесін құрастырып, пән ретінде оқытуға  арналған алғашқы оқу құралдарын да дайындады.

Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазу үлгісінің реформаторы, өзінің саналы ғұмырын ағартушы ретінде тынымсыз еңбек етумен өткізді.

 Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсете білді. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дей отырып, ақпарат таратудың маңызын айшықтап өтті. «Қазақ» газетінің бас редакторы болған кезінде ақын-жазушылардың еңбектерінің жариялануына ықпал етті

Ахмет – қазақ қоғамының жанашыр-сыншысы. «Қазақ қалпы» өлеңінде біздің қоғамға тән кертартпа қасиеттерді тізе отырып, одан арылудың жолдарын ұсынады. Ақынның азаматтық арман-мақсаты кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып 1911 жылы жарық көрді. Ақын халықты қараңғылық, надандық, кәсіпке енжарлықпен қарау сияқты кемшіліктерден арылуға шақырады.

 

Автор: Мөлдір Адамжан 

Иллюстрация: Асем Омарова, @assem.dreamer

Көбірек оқыңыз