Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл
Тіл білімінің атасы, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл.
Ана тіліміздің шынайы жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы. Ол қазақ қоғамында өз тіліміздің көлеңкеде қалмауы үшін аянбай еңбек етті. Осы жолда бірқатар еңбектер жазып, зерттеу жұмыстарын жасады. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесін ұсынып, пән ретінде оқытуға арналған алғашқы оқу құралдарын да дайындаған. Орыс-татар мектептерінде білім алғандардың ана тілінде шорқақ екенін байқап, тіл мәселесін де көтереді. Тіпті арнайы петиция жазып, патша үкіметіне наразылығын білдірген. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясының (арыз-тілегі) авторларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы болған. Бұл петицияда жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілген. Онда тіпті қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды тоқтату да талап етілген болатын. Алайда қоғам белсендісінің бұл әрекеттері билікке қарсы келу деп бағаланады. Осы кезден бастап оның тұтқындалып, түрмеге жабылған, қудаланған, өмір жолының соқпақ кезеңі басталады. Алайда ол өзінің өмірлік миссиясына айналған ұлт жолындағы қызметінен бастартпайды.
Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы ретінде өзінің саналы ғұмырын тынымсыз еңбекпен өткізді.
«Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деп, өзінің еңбек жолынан үзінді келтіреді.
Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дей отырып ақпарат таратудың маңызын айшықтап өтті.
«Қазақ» газетінің бас редакторы болған кезінде ақын-жазушылардың еңбектерінің жариялануына, қоғамның беймаза күйден арылып, Міржақып Дулатов айтпақшы «оянуына» ықпал етеді. Ахмет шынайы ұлт жанашыры болды. Қазақ тілінің қазақ қоғамында көлеңкеде қалмауы үшін жан аямай әрекет етеді. Сонымен қатар, бұл газет Алаш зиялыларының мақсат-мүддесін түсіндіріп, саяси бағытта қызмет етеді.
Ахмет – қазақ қоғамының жанашыр–сыншысы. «Қазақ қалпы» өлеңінде біздің қоғамға тән кертартпа қасиеттерді тізе отырып, одан арылудың жолдарын ұсынады. Ақынның азаматтық арман-мақсаты кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып 1911 жылы жарық көреді. «Масаның» негізгі идеясы – халықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.
Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы мен ерекшеліктері баяндалады.
Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсыновтың публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.
Биыл ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» ұлттық арнасы «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын түсірген болатын. 6 бөлімнен тұратын отандық сериал тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көгілдір экраннан көрсетіліп, көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігі «Соңғы үкім» атты толықметражды көркем фильмді түсіруді қолға алды.
Автор: Мөлдір Адамжан
Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан