Ұлы әйелдердің ізімен
Нәзік, әрі мықты жаратылыс. Әйелдің табиғатын әртүрлі сипаттауға болады. Оның құрметіне поэмалар мен өлеңдер жазылып, әндер арналуда. Өйткені әйел – үлкен жеңістерге шабыт сыйлайтын муза. Әйелдің жолы өмірмен өлшенеді.
Мадина мен Диляра – қызығушылықтары ортақ жақын достар. Екеуі де ата-әжесінің қолында, ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдениетті құрметтейтін отбасында өскен. Үлкендердің тәрбиесі мен ақыл-парасатының арқасында бүгінде үлгілі келін және сүйікті ана атанды. Кейіпкерлерімізді туысқандық қарым-қатынастан бөлек, үлкендерге деген құрмет пен қоғамның дамуына үлес қосу секілді ортақ миссия біріктіреді. Zardozi брендімен және Жанна Канмен ортақ коллабарация Kaganmedia редакциясы бүтін бір шығарылымын арнап отырған тақырып әйелдер мен олардың тарихы арқасында жүзеге асты. Сөйтіп, 2017 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанда алтын жіппен қолдан тігілген кестесі визит карточкасына айналған үнді стиліндегі – Zardozi бірегей киім бренді пайда болды.
Қазіргідей авторлық курстарды өткізу әдісі болмаған кезде қос құрбы әйелдерге арналған клуб ашып, авторлық бағдарлама бойынша кездесулер өткізді, онда психология мен өз-өзін дамыту бойынша техникалармен бөлісіп, қызығушылық тудыратын тақырыптар жөнінде әңгімелесті. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін олар ана рөліне ауысып, барлық назарын балаларына аударды. Біраз уақыттан кейін бизнеске оралған құрбылардың кезекті бірлескен сапарында бастаған істерін жалғастыру идеясы Zardozi брендімен коллабарация жасауға себеп болды. Мадина – қазақстандық Nomadmoon киім брендінің Kaganmedia медиа жобасының негізін қалаушы, ал Диляраның люкс сегментті 1st_aid.showroom дүкені бар.
Махаббат пен жаңашылдыққа деген құштарлық, тігу өнеріне деген ортақ қызығушылық оларды Zardozi брендімен біріктіріп, әйелдерге арналған «Жеті ана» футболкаларының эксклюзивті капсуласын шығаруға шабыттандырды. Бұл тек футболкалар сериясы ғана емес, Айша бибі заманынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі әйелдер туралы тұтас тарих.
Zardozi брендімен бірлескен жобаңыздың мақсаты мен миссиясы қандай?
Мадина: Диля екеуміз Қазақстанды жанымыздың әрбір бөлшегімен жақсы көреміз және әрқашан Отанымыз бен қоғамымызға пайда тизігуге тырысамыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын біз оқырмандарымызға жақын болу үшін және нәзік жандылардың әрқайсысы жан сырымен бөлісіп, қолдау таба алуға арналған әйелдер клубын аштық. Өйткені әйелдердің ең жақын досы – тек әйел ғана.
Таңертеңнен Тұңғыш Президент саябағында кездесулер ұйымдастырдық, йогамен айналысып, бірге жүгіріп, тұрмыс құрмаған қыздар мен қалыңдықтарды, жас аналарды толғандыратын түрлі тақырыптарда әңгімелесетінбіз. Тіпті жоспарымызда шетелге ортақ саяхат ұйымдастыру болды. Кейінірек екеуміз тағы да ана атанып, балалы болған кезде әйелдер клубына қатысты барлық бастамаларымызды кейінге қалдыруға тура келді. Алайда қатысушылармен байланыс бүгінгі күнге дейін онлайн форматта жалғасуда.
2023 жылдың қараша айында біз Италияға Жанна Канмен іссапарға бардық. Ол – зергерлік әлемінің аты аңызға айналған Diamond International Award халықаралық «Оскар» сыйлығын 18 рет ұтып алған әлемдегі жалғыз компания – Damiani зергерлік үйінің Қазақстандағы өкілі. Сондай-ақ біз коллабарация жасағалы отырған Zardozi киім брендінің негізін қалаушы. Сапар барысында біз Zardozi брендінің маркетологы Әлихан Мұстафаевпен және Жібек Мәлікпен танысып, түрлі тақырыптарда пікір алмастық. Біздің көзқарасымыз қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлі тақырыбында тоғысты. Әйелдерге қолдау көрсететін өнім жасау бұрыннан ойымызда жүрген еді, нәтижесінде біз әйелдерден тарайтын жеті ұрпақтың тарихын, «Жеті ана» тақырыбын қозғауға шешім қабылдадық. Біздің көптен бергі арманымыз – әйелдерге арналған туынды жасау, оның идеясы мен миссиясы Ұлы даланың ұлы әйелдерінің рухы бар заманауи әйелдердің бейнесін көрсететін өнім.
Мен Қазақстанның тарихы мен салт-дәстүрлері тақырыбын көптен бері зерттеп келемін. Біздің Kağanmedia жобасы осы тақырыпты зерттеудің нәтижесінде пайда болды. Редакциямыз жұмысын бастаған алғашқы күннен бастап Ұлы дала әйелдерінің өмірбаяны мен жүріп өткен жолына қатысты зерттеу жүргізді. Міне, ортақ мүдделер тоғысқан нүктеде тағы бір жаңа өнім пайда болды: Диля екеуміздің қоғамға пайдалы болу туралы арманымыз Zardozi брендімен бірігіп, «Жеті ана» тақырыбында эксклюзивті футболка капсуласын тігумен жүзеге аспақ. Біз барлық саладағы әйелдердің – бизнес құрып жүргендерден бастап, бала тәрбиесімен айналысып отырған аналарға дейін әрқайсысының ерік-жігері мен мықтылығын ерекше атап өткіміз келеді.
Диляра: Екеуміз де әжеміздің қолында өскеннен кейін, тарихтағы әйел бейнесіне деген қызығушылығымыз бала кезімізден өте жоғары. Менің отбасымда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету бірінші орында. Мен қазақ халқының барлық салт-дәстүрлерін берік ұстанатын отбасында өстім. Қалай естілсе де, біздің үйде әйелдерге зор құрметпен қарайтын патриархат қалыптасқан. Әкем мені ханшайым сияқты өсірді, осылайша нағыз ер адамның әйелге деген қарым-қатынасы қандай болуы керек екенін көрсетті. Ол менің біліміме, тұлға ретінде қалыптасуыма, критикалық ойлау қабілетімнің дамуына, жеке-дара шешім шығара алуыма көп үлес қосты.
ҚХР оқып жүрген жылдары мен шекарадан асып, басқа елдің өмір сүру салты мен мәдениетін көзбен көріп, сол қоғамда өмір сүріп көрудің маңызын ұқтым. Бұл менің көкірек көзімді ашып, білім көкжиегімді кеңейтті. Әрі қарай отбасылық бизнесімізді жүргізуге көмектесу үшін, Дубайда біраз уақыт болдым. Кейіннен Миланда сән әлемінде жұмыс жасағанда, өзімнің жан қалауымды таптым. Менің айтпағым – әйел адам үшін өзін-өзі дамытып, сүйікті ісімен айналысу аса маңызды.
Ер адамның тарапынан құрмет пен әйелдің даналығын көріп өскен соң, мен өзім үшін үйлесімді қарым-қатынас формуласын таптым. Салт-дәстүрлерімізбен, мәдениетімізбен және әйелдер тарихымен кез келген түйісу мен байланыс мен үшін өте құнды.
2024 жылы өзінің жүз жылдығын атап өткелі отырған Damiani зергерлік бұйымдарының тарихы мен идеологиясына тереңінен ену арқылы біз Zardozi брендімен ортақ жоба құруға шешім қабылдадық. Отбасылық дәстүрлері зергерлік өнерге деген сүйіспеншілікпен тығыз байланысты итальяндық Дамиани әулетінің тегі әлемдік брендке айналуға дейінгі жүріп өткен жолы маған қатты әсер етті. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған жәдігердің тарихы тамсандырмай қоймайды. Менің күйеуім де әкесінің жолын жалғастырып, отбасылық бизнеспен айналысуда. Біз ұлымыздың да отбасылық мұраға ие болып, оны одан әрі жақсартқанын қалаймыз. Біздің коллабарация әлемдегі әйелдердің рөлін ерекше атап өтетініне сенімдімін! Өйткені әрбір әйел өмірдің бастамасы, ол осы әлемге жақсылық пен сұлулық сыйлайды.
Әйелдің туғаннан бастап жүріп өтетін жолын қалай сипаттар едіңіз?
Мадина: Әйел – әлемнің материясы, еркек – рух. Жердегі материалдық нәрсенің бәрі – әйелдің көрінісі. Яғни, ол осы әлемнің мәні. Әйел туылғаннан бастап рухты толтырады. Әйелдің жолы – оның өмір сыйлау қабілетінде, демек, шексіз жалғасуында. Алдымен ол өмірге адам әкеледі, содан кейін оны тәрбиелейді. Әйел немен айналысса да, оның ең маңызды мақсаты – лайықты ұлдары мен қыздарын тәрбиелеу.
Әйел – өз бойындағы барлық қасиеттерді біріктіре алатын жаратылыс. Ол жұмсақ та, табанды да бола біледі. Бұл дүниедегі материалдық және рухани тепе-теңдік әйелдің қолында. Ол нәзік энергияны сезініп, мистиканы басқара алады. Әйел адам бірегей, ерекше, жан-жақты – ғажайып жаратылыс. Ол жанындағы азаматын да, мына әлемді де бүтіндеп, толтыра алады.
Диляра: Менің ойымша, әйелдің жолы туылу, жетілу, тұлға ретінде қалыптасу, өмір сыйлаумен байланысты. Өйткені олар өз отбасында туып, барлық керекті қасиеттерді сіңіріп, өсіп, өздерін тұлға ретінде қалыптастырады. Өзінің өмірлік жолын таңдап, сол арқылы тарихта өз ізін қалдырады. Оның өміріндегі әр кезең: қыз, әпке, немере, сүйікті жар, келін, ана рөліндегі образымен өзінше әдемі. Әрбір әйел қайталанбас, ерекше жан. Менің ойымша, әйелдің маңызды миссияларының бірі – өмір сыйлау, ұрпақ жалғастыру. Егер ол өзін бақытты сезінсе, айналасының бәріне бақыт пен мейірімін сыйлайды.
Әйелдің жолы – өзінің әрекеттерімен ұлы. Туылғаннан кейін ол ата-анасына қуаныш сыйлайды, содан кейін өзі құрған отбасының жайлылығын сақтайтын ошақтың иесі болады. Сондай-ақ ана ретінде ол тыныш әрі балаларына қауіпсіз өз әлемін жасайды.
Неліктен сіз бүтін бір шығарылымды толықтай әйелдерге арнауды шештіңіз?
Мадина: Маған әйел ретінде әлемнің кез келген нүктесіндегі арулар жақын. Мен әйелдердің лайықты құрметке ие болғандарын қалаймын. Шынында да, көшпелі мәдениетте әйелдер ешқашан еркектерден кем болмаған: олардың рөлдері әртүрлі болғанымен, маңызды сұрақтарда тең дәрежеде шешім шығара білген. Журналдың бұл шығарылымы тарихта аты қалған және қазіргі заманның тарихын жазуға үлес қосып жүрген әйелдер туралы болады.
Бұл тақырыпты редакциямызбен көптен бері жазғымыз келген еді. Бір шығарылымды әйелдерге арнау бұрыннан жоспарымызда бар еді. Бұл жолы Дилямен Zardozi киім брендімен және коллабарациямыз көктемгі мерекелер қарсаңында біз мақтанышпен көтеретін «Жеті ана» тақырыбы, сондай-ақ әлемдегі әйелдермен болып жатқан оқиғалар «Ұлы әйелдердің ізімен» тақырыбындағы төртінші нөміріміздің жарыққа шығуына үлкен серпін берді.
Мен аналарымызға, әжелерімізге, достарымызға, қыздарымызға қайсар рухы мен ғибратқа толы қызметі үшін алғыс айтқым келді. Бұл нөмір Ұлы дала әйелдеріне, әлем әйелдеріне қызмет етудің бастауы болсын.
Қазіргі уақытта әйелдің бойында қандай қасиеттер болуы керек?
Диляра: Тектілік. Менің ойымша, осыдан бастап әйелдердің бүкіл табиғаты ашыла бастайды. Сондай-ақ бірінші кезекте өз-өзіне және қоршаған ортасына деген құрмет пен кез келген жағдайда дұрыс таңдау жасай алатын даналық керек. Жомарттық – көңілдің де, қолдың да кеңдігі маңызды. Ең бастысы – жанның тазалығы. Сонымен қатар өзін-өзі дамыту бірінші орында болуы керек. Сонда ғана өзіңді қалыптастырып, қоғамнан өз орныңды табасың.
Сізді кімнің бейнесі шабыттандырады?
Мадина: Мені барлық әдемі, жеңіл, мықты әйелдер шабыттандырады. Не қалайтынын, қайда бара жатқанын анық білетіндері ерекше қанаттандырады. Тарихи кейіпкерлерден Томирис, Бөрте, Домалақ ана, Гаухар ана, Зере, Ұлжан, ержүрек Әлия мен Мәншүк, Алла Ильчун сияқты жарқын тұлғалар және менің әдемі де ақылды замандас құрбыларым шексіз шабыт сыйлайды.
Мені өмір жолымдағы барлық арулар шабыттандырады: әжем, анам, сіңлілерім, жеңгелерім, құрбыларым мен қыздарым.
Әйелдердің қайсысы сізді ынталандырады?
Диляра: Менің әжем. Ол туралы барлық естеліктер мен үшін өте қымбат. Ол менің бой түзейтін, үлгі алатын биігім. Ол жан-жақты, іскер әйел. Мен әжемнен күйеуімді қалай құрметтеп, қолдау керектігін үйрендім, ол өзінің мысалында әйел мен жардың қандай болуы керек екенін көрсетті. Ол өзін-өзі дамытып, бизнеспен айналысты, қоғамға жиі шығып, сауапты істерге көмектесті. Сондай-ақ әрқашан үйінде тазалық, дәмді ас және ең бастысы – жылулық болатын.
Қазір мен оның ізімен жүруге тырысамын, өйткені менің артымнан қыздарым өсіп келеді. Әйел жолы деген осы – жарық дүние есігін ашып, өмір сыйлау.