Ұлы дала әйелі

«Қазақ әйелінің» образы ежелден-ақ әсем суреттелген. Ол батырларды дүниеге әкелген алтын құрсақты ана, хандардың адал серігі, жан жолдасы, ошағының иесі.

   «Қазақ әйелі» – табиғат анамен де, жарық күнмен де үйлесімде өмір сүретін дала билеушісі. «Қазақ әйелі» сөйлемей – айтуға, тыңдамай – естуге, қарамай – көруге қабілетті. Өз халқының мыңжылдық наным-сенімдеріне қарамастан, ұлылыққа ие бола алған да «қазақ әйелі». Өз энергиясын дұрыс жұмсай білген әйел ғана соғыс пен аштықтың, суық пен қатыгездіктің ауыр сынақтары кезінде амазонка-жауынгерінен бастап, отбасы мен елінің тірегіне дейінгі ұзақ жолды жүре алады. Жасырын геноцидтен кейін рухы мықты әйел ғана қайта туыла алады. Тек әйел ғана бүкіл халыққа жаңа өмір беру үшін қайтадан күш-жігерін жинай алады.

Бүгін біз, Ұлы дала елінің әйелдері, белсенді өмір салтын жүргізе аламыз. Әйелдердің көбі өзін кәсіпте, саясатта, әлеуметтік желілерде, қайырымдылықта, спортта және бизнесте тапты. Бірақ соған қарамастан, біз әйел, ана, әже, қарындас және қыз ретіндегі тағдыр жолымызды бір сәтке де ұмытпаймыз.

«Қазақ әйелі» дегенде, мен тек Шығыс пен Орталық Азия әйелдерінің ұлты жайлы айтып отырған жоқпын. Ол көп қырлы призмаға ие: көгілдір көзді аққұба немесе қарақат көзді қара торы ару. Ол үзіліп-ақ тұратын нәзік немесе жолбарыстай күшті, тал шыбықтай немесе томпақ, арық немесе ірі болуы да мүмкін. Оның келбеті алуан түрлі, алайда ең бастысы – ол Шығыстың әйелі, ол қазақстандық ару.

Шығыс дәстүрлері мен ережелерінің патриотына, әрі соның адал жанкүйеріне тән қасиеттер менің бойыма дарыған. Мен біздің көшпенді ата-бабаларымыздың мықты, әрі сақ, мұқият, байқампаз болғанына сенімдімін. Бұл қасиеттер оларға әлемнің қалай құрылғанын түсініп, қиын жағдайда өмір сүру үшін қажет болған. Мысал ретінде Наурыз мейрамын алайық. Тек табиғатпен үйлесімді өмір сүрген адамдар ғана дәл осы уақытта көктемгі күн мен түннің теңесу күні келе жатқанын біле алды. Бұл күн сәулесі жерге дұрыс бұрышпен түсіп, оңтүстіктен солтүстік жарты шарға өтетін күн.

Бүгінде жастар дәстүрлі ережелердің шын мәнін түсінбей, ұлттық әдет-ғұрыптарға күмәнмен қарайды. Қазақ дәстүрлерін толық түсіне алмау бір бөлек әңгіме, ал оларды білмеу немесе мойындамау мүлдем басқа әңгіме. Менің ойымша, біреуге сын тағып, күмән келтірмес бұрын көшпелілердің шынайы өміріне үңіліп, өз ата-тегін танып, ел тарихын еске түсірген абзал.

 

Авторы: Мадина Құрбаналиева, @madina_kurbanali

Аударған: Мөлдір Адамжан

Сурет: ANTIKA галереясының мұрағатынан

Көбірек оқыңыз