Ұлы Даланың әйелдері
Ұлы дала тарихта өзіндік із қалдырған батыр әйелдер туралы аңыздарға толы. Бұл қоғамдық өмірдің әртүрлі аспектілеріне, соның ішінде саясатқа, соғысқа және мәдениетке әйелдердің қосқан үлестерінің маңыздылығын көрсетеді. Әйелдер ежелден тарихты қалыптастырып, келешек ұрпақты болашаққа сеніммен қарауға және ұлттық мұраға абыроймен лайықты түрде қарауға шабыттандырды.
Ұлы билеушілер мен дала қаһармандары. Шығыс Еуропадан Орта Азияға дейін созылып жатқан кең байтақ Ұлы даланың шексіз жазықтарында тарихта есімдері бізге мұра болып сақталған ұлы әйелдер өмір сүрді.
Ұлы Даланың шексіз кеңістігі мен құбылмалы табиғаты қайратты да жігерлі халықты тудырған, ал осы ұлылардың ішінде тарихта аты аңызға айналған сақ патшайымы – Томирис та болды.
Томирис тарихта ұлы қолбасшы ретінде ғана емес, сонымен қатар қиын кезеңдерде әйелдер көрсете білетін күш пен табандылықтың символы ретінде із қалдырды. Оның бойынан біз кез келген қиындықты жеңуге қабілетті мықты әрі батыл әйелдің рухын көреміз, сол үшін де оны ардақтап, мақтан тұтамыз.
Әйел – отбасының сақшысы. Мысалға, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Шыңғыс хан дүниежүзілік тарихта ерекше орын алады. Оның ерлік жолын кейінгі батырлардың бірде-біреуі қайталаған жоқ. Оның билікке қандай жолмен келгені, жарты әлемді қандай қиындықпен жаулап алғаны бізге тарихи жазба деректерден белгілі. Шыңғыс хан – Есугей мен Олхонут руынан шыққан әйелі Оэлунның тұңғыш ұлы. Туғанда оған Темүжін (Темучжин) деген есім берілген. Әкесі қастандықпен өлтірілген соң, Есугейдің туыстары Оэлун мен оның балаларынан бас тартты. Күйеуінің жарқын бейнесін абыроймен есінде сақтай отырып, Оэлун балаларының нағыз батыр болып өсуіне зор еңбек сіңірді.
Шыңғыс ханның әйелі Бөрте сұлу – парасаттылығы мен көрегендігі мол, көп істерде әділ қазы бола білген дана адам болған. Күйеуінің кеңесшісі ретінде ол Шыңғыс ханды бір емес, бірнеше рет қиындықтан құтқарған. Сондай-ақ Бөрте Моңғолия қоғамының саяси тұрақтылығына үлес қосқан қайсар да дана тұлға. Қазақ хандары мен сұлтандарының арғы тегі ретінде ерекше зор құрметке ие болған Жошы ханның тәрбиесінде Бөртенің алатын орны ерекше.
Моңғол империясының тарихында ерекше орын алатын тағы бір маңызды тұлға – Шыңғыс хан мен Бөртенің төртінші ұлы Төленің әйелі Сұркөктани. Ол өзінің көрегендігінің арқасында болашақ билеушілерді тәрбиелеу ісінде үлкен қайын енесі Оэлун мен өз қайын енесі Бөртенің жолын жалғастыра білді. Сөйтіп Шыңғыс хан әулеті ержүрек жауынгерлер мен билеушілерге толды, олар ата-бабаларын ардақтап, ерліктерін дәріптей білді. Сұркөктанидың балалары – Мөңке, Құбылай және Хулагу дүниежүзілік тарихта елеулі із қалдырған батырлар. Ол күйеуі Төле қайтыс болғаннан кейін 20 жыл бойы Моңғол империясының регенті қызметін атқарды.
Қазақ хандығының тарихында аты аңызға айналған қыз-келіншектер де аз болған жоқ, олардың қатарында жауынгерлер мен ханымдар да, отбасын сақтап отырған сақшылар да, есімдері ғасырлар бойы есте қалған ардақты аналар да бар. Әбілқайыр ханның әйелі – Рәбия Сұлтан Бегім, Жәнібек ханның әйелі және Қасым ханның шешесі – Жаған (Жақан) Бегім, Есім мен Тәуке ханның шешесі – Жақсымбике, Салқам Жәңгір ханның әйелі – Бану ханым, Әбілқайыр ханның әйелі және Нұралы ханның анасы – Бопай ханым, Уәли ханның әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі – Айғаным ханым, Қасым сұлтанның әйелі әрі Кенесары ханның анасы – Айкүміс ханым – Ұлы дала аналарының жарқын мысалдары. Олар өз балаларына қолдау көрсеткен аяулы аналар, бірақ қажет кезде атқа мініп, кез келген жауға тойтарыс бере білген. Болашақта балаларының ел билеуші болатынын түсініп, оларды бала кезінен әділдікке, халқын сүюге үйретті.
Тәрбие мен тектілік тұрпаты. Бір қолымен бесікті тербете отырып, олар болашақ батыр тұлғаларды қалыптастырды. Ұлы далада өзінің көрегендігімен, даналығымен халықтың зор құрметіне бөленген аналар аз емес. Олар тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл халықтың игілігі үшін еңбек етті. Көпшілігі көшпенді батырлардың музасына айналып, оларды жаңа ерліктерге шабыттандырып отырды. Бәйдібек бидің кенже әйелі Нұрила – есімі тарихта қалған ардақты аналардың бірі. Халқы оны ел анасындай ерекше бағалап, құрметтеген. Домалақ ана – даналықтың, тектіліктің бейнесі.
Домалақ ана барша халыққа махаббат нұрын шашқан ана ретінде ел есінде қалды. Ол өзінің даналығының арқасында соғысып жатқан тайпаларды татуластырып, оларды бірлікке шақыра білді.
Бүгінде ол даналық пен тектіліктің бейнесі. Оның даналық жолын халқымыздың біртуар ақынының тәрбиесіне зор үлес қосқан Зере, Ұлжан сынды ардақты аналар жалғастырды. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ақын болып қалыптасуына әжесі Зеренің ықпалы өте зор. Ол баласы Құнанбайға секілді немересі Абайға да жастайынан ілтипат көрсетіп, оның тәрбиесіне баса назар аударды. Ақынның өмірінде әжесі Зеремен бірге Абайдың анасы Ұлжанның да алатын орны ерекше. Бұл қазақ әйелінің қашан да қадірлі болғанын, оның ақыл-кеңесін құрметтеп, үлгі тұтқанын дәлелдейді. Абай бүгінде қазақ халқының ең атақты ұлы ақыны, жазба әдебиеттің негізін қалаушы.
Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың анасы Бегім Дулатқызы көпшілікке үлгі боларлық тұлға. Ол өзінің ақылдылығымен, даналығымен өз ұлы арқылы халқының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. «Алаш» қозғалысы Қазақстан тарихында ерекше орын алады. «Алаш» қозғалысы мүшелерінің әрқайсысы – өз халқының абыройлы перзенті, олар қазақ қоғамының өркендеуіне, еліміздің нығаюына мен білімнің дамуына зор үлес қосты.
Өнер және шығармашылық. Әйелдердің өнердегі рөлінің тарихы өте бай және алуан түрлі. Dior үйінің «Шығыс інжу-маржаны», ол модельдер туралы барлық стереотиптерді бірінші болып жойып, көз контурлағыш макияжды сәнге енгізді. Өткен ғасырдың ортасында Париж подиумдарында қазақ-орыс тегінен шыққан Алла Ильчун тұңғыш рет жұлдыз болып жарқырады. Ол Кристиан Диордың, содан кейін Ив Сен-Лоранның сүйікті моделі және музасы болды. Әрі ол бүкіл әлемге танылған дала аруларының бірі болды.
Халық өнерінің нағыз інжу-маржаны, қазақтың атақты сазгері, күйші, Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісова халық данышпанының ең жақсы қасиеттерін бойына сіңіре білген. Динаның тамаша туындылары қазақтың классикалық домбыра өнерінің құрамдас бөлігіне айналды, ал оның ерекше стилі халқының мәдени мұрасына қосқан зор үлесін көрсетеді. Оның шығармашылығы домбыра тарту шеберлігінің ең биік деңгейін көрсетіп қана қоймай, қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырды. Есімдері елге танымал Шара Жиенқұлова, Гүлфайрус Ысмайылова, Күләш Байсейітова... Олар алғашқылардың бірі болды: тұңғыш суретші әйел, тұңғыш биші және актриса, тұңғыш кәсіби әнші. Олар еліміздің мәдениетін шекарадан тыс жерлерге таныстыру құрметіне ие болды. Бұл тұлғалардың әрқайсысының есімі еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған.
Біздің заманымыздың қаһармандары. Батылдық пен патриоттық. Екінші дүниежүзілік соғыс. Ұлы даланы бомбалап, бейбіт тұрғындарды жазықсыз қырған кезең. Ұлы көшпенділердің рухы, қайсарлығы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі оларға қолдарына қару алып, елін қорғау үшін тік тұруға итермеледі. Қазақтың өрімдей екі қызы – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың әрқайсысының өмір тарихы ерлік дастанынан алынғандай. Сол арқылы Томиристің өзі тіріліп келгендей болды. Бұл қыздардың ерліктері туралы талай әндер шырқалып, талай кітаптар жазылды, фильмдер түсірілді. Олардың есімімен көшелер мен саябақтар, мектептер мен мұражайлар, алаңдар атала бастады.
Мәншүк Мәметова 1922 жылы дүниеге келген. Балалық шағы Алматыда өтті. Ол Алматы медицина институтының студенті бола жүріп, ҚазССР Халық Комиссарлар Кеңесінің хатшылығында қызмет етті, сөйтіп оқуды жұмыспен ұштастырды. 1942 жылы 13 тамызда өз еркімен майданға аттанды. Ол № 100 атқыштар бригадасы мен 21-атқыштар дивизиясының құрамында жүріп, бірнеше ұрыстарға қатысты. Аға сержант, пулемет бригадасының командирі. 1943 жылы қазан айында Невель түбіндегі шайқасқа қатысып, қаза тапты. Қайтыс болғаннан кейін оған Кеңес Одағының Батыры құрметті атағы берілді. Сондай-ақ Іле Алатауындағы бір мұздық пен биік шыңға Мәншүк есімі берілді.
Бір жылдан кейін 1943 жылы Әлия Молдағұлова да өз еркімен майданға аттанады. 1942 жылы Әлия мергендер училищесінде оқиды. Ол 2-ші Балтық майданының 54-ші атқыштар бригадасының 3-ші ротасы мен 4-ші батальонының құрамында шайқасты. Өткір мерген ретінде атын шыққан. Батыр қыздардың есімдері бүкіл қазақ халқының ұлылығы мен әйел жанының таусылмас күшін өздерімен бірге алып жүреді. Екеуі де – Кеңес Одағының Батыры. Екеуі де соғыста қайтыс болды. Екеуі де 18–20 жастарында бақилық болды...
Арада бірнеше жыл өтті, заман өзгерді. Бірақ та қазақ әйелдерінің бойында көшпеліліктің рухы қашан да болған. Кейіннен Әлия мен Мәншүктің қайтпас қайсар рухы Желтоқсан оқиғасының қаһармандары Ләззат пен Сабираның бойынан табылғандай болды.