Ұлы даланың ұлы аналары

Адамзат тарихында өлшеулі орын алып, ғасырдан ғасырға аты аңыз болып жеткен ұлылар аз емес. Олардың тектілігі тегінде, даналығы мен батылдығы түпкі негізінде. Шындығында ешкімнің де ата-бабасы тарихта елеусіз қалмағаны рас. Әрбірі өз заманының алдыңғы қатарында болып, елі мен жері, ұлты үшін аянбай еңбек етті. Алайда аты оза шапқандардың, топ ішінен суырылып шыққандардың ерекшелігі неде? Тұлпарын бәйгіге қосып, тақым қысып отыратын баптаушы сияқты, ұрпағының әр жетістігінде ананың алар орны айырықша. Ендеше ұлылардың анасы қандай болды? Олар несімен ерекшеленді? Museofnomad редакциясы бала тәрбиесіндегі ананың рөлі мен оның тұлғалық қалыптасуға тигізер әсері жайлы, ұлы далалының ұлы аналары туралы баяндайды.

 

 

Жаһанды дүр сілкіндірген Шыңғыс ханның әлем тарихында алар орны ерекше. Оның ерлік жолын қайталау өзінен кейінгі бірде-бір батырға бұйырмаған. Жарты әлемді найзасының астында қалдырған ол өзіне тиесілі билікке қандай қиындықпен келгені де тарихтан белгілі. Есугейдің әйелі Ояннан (Оэлун) туған тұңғыш ұлы. Азан шақырып қойған есімі Темүжін. Әкесі қастандықтан қаза тапқаннан кейін, әулеті олардан теріс айналып анасы жалғыз отау үй болып шетте қалады. Есугейдің шырағын сөндірмеген Оян (Оэлун) баласының нағыз батыр болып қалыптасуына көп еңбек сіңіреді. Ішерге асы болмай қиналған сәттерінде де, ешкімнің алдына барып алақан жаймайды. Балаларына ата-бабалырының ерлігін дастан етіп, шыққан тектерінің қандай болғанын жиі айтып отырады. Анасынан естіген батырлар жыры Шыңғыс ханның қайсар, жүрек жұтқан батыр болуына қатты әсер етеді. Әмірші болып билікке келген кезінде де қателігін бетіне айтып, сөзін өткізе алған жалғыз адам анасы болады. Оян ана тарихта көрегенді, дана, әрі батыр ана ретінде есте қалады.

Шыңғыс ханның жары Бөрте де асқан ақылдылығымен, парасаттылығымен көп істе әділ төреші бола біледі. Болар істің алдын алып, әміршісін бірталай бәледен аман сақтайды. Ұлы даланың  әйеліне тән қайсарлығымен де есте қалған. Қазақ хандары мен сұлтандарының арғы бабасы ретінде үлкен құрметке ие болған Жошы ханның да тәрбиесінде Бөртенің алар орны ерекше. Шыңғыс хан мен Бөртенің төртінші ұлы Төленің жары Сұркөктани (Сорхахтани) өз ақыл-парасатынмен ұлы аналар қатарын толықтарды. Тіпті ол тарихта үлкен енесі Оян (Оэлун) ананың жолын жалғаған көрегенді ана ретінде қалған. Жары Төле өмірден өтсе де ұлдары Шыңғыс тұқымынан шыққан ірі батырлар қатарында болуы үшін көп еңбектенеді. Ол моңғол империясының тарихында 20 жыл регент ретінде ел басқарды. Оның ұлдары Мөңке, Құбылай және Хулагу ел тарихында өзіндік ізін қалдырады.

Қазақ тарихында аңызға айналған аналар аз емес. Олар өз перзенттерінің ұлы даланың әрбір тасының аманат екенін, тегінің тегін еместігін бойына сіңіріп өсіреді. Әбілқайыр ханның әйелі – Рабия сұлтан бегім, Жәнібек ханның әйелі, Қасым ханның анасы – Жаған (Жаһан) бегім, Есім мен Тәуке ханның анасы – Жақсымбике, Салқам Жәңгір ханның анасы Бану ханым, Әбілхайыр ханның жары, Нұралы ханның анасы – Бопай ханым, Уәли ханның жары, Шоқанның әжесі – Айғаным ханым, Қасым сұлтанның жары, Кенесары ханның анасы – Айкүміс ханым – ұлт аналарының үздік үлгісі. Олар өзінің жарына қолдау білдіріп, керек көзінде тіпті атқа қонып жауға да шапқан. Бастысы ел болашағы ұрпағының қолына екенін түсініп олардың еліне адал, халқына қамқор болуы үшін аянбаған. Ауыздан ауызға жеткен батырлар жырын дәріптеп,  тарихи тұлғарлар жайлы жыр-дастандармен өсірген.

Ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейхановтың анасы Бегім Дулатқызы да бүгінде көпке үлгі болары анық.  Өзінің зеректігі мен ақыл-парасатының арқасында елі сүйер, елін сүйер ұрпақ тәрбиелеу ұлт болашағы үшін қосқан үлкен үлес. Алаш арыстарының ел тарихында алар орны белгілі. Қазақ қоғамның дамуына, сауат ашуына, озық елдердің қатарында болуы үшін атсалысқан әрбірі текті атаның ұрпағы.

Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым» дей отырып, оның өмір жолының соқпақсыз болуын тілеген. Ұлт болашағы аналардың қолында екендігін, бүгінгі қыз ертеңгі ана екенін түсіне отырып жауапкершілікпен қараған.

Ұлтымыздың тарихында даналығымен, тәрбиесімен, парасаттылығымен орын алған аналардың ұрпағы бүгінде бүкіл әлемді мойындатуда. Қазақтың бас ақыны Абайды Абай қылған Құнанбайдың біліктілігі болғанымен, оның артында Зере тұр. Немересінің зейінін ерте жасынан ашқан ол ұлының да кемеңгерілігіне атсалысты. Құнанбайдың өмірінде анасы Зеремен қатар жары Ұлжанның өзіндік орны бар.  Отағасының бар болмысына, қатулы қабағына бағына отырып ұрпағының ертеңінен зор үміт күткен. Бүгінде Абай қазақ әдебиетінің жазба өнерінің негзін салуышы, бас ақын.

Иллюстрация: Абайдың анасы

Ана жүрегі өз баласының тілегін, болмысын бес саусағындай анық біледі. Ата жолын қусын, ортасына сыйлы болсын деп тәрбиесіне ерекше мән береді.  Сонау Шыңғыс хан заманынан бастау алған Оян (Оэлун) мен Бөртенің мектебін Зере мен Ұлжан жалғады. Олар қазіргі әрбір жас анаға үлгі болар «ұлы даланың ұлы аналары».

 

Автор: Мөлдір Адамжан

Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан

Көбірек оқыңыз