Заманына қарай жаңаланған ескі салт-дәстүрлер
Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай. Алайда оның кейбірі қазіргі таңда ұмыт болып барады. Біразы өзгеріске ұшырап, орындарын жаңасы алмастырып та үлгерген. Мәселен, қазір үй алып, қоныс аударған жандар арнайы дастархан жайып қонақ шақырады. Негізінде бұл заманына сай өзгеріске ұшыраған ескі салт-дәстүрлердің бірі. Алайда бұрындары жаңадан көшіп келген отбасыны көршілері қонақ қылған. Бұл салт "ерулік беру" деп аталады. Бұл арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін бөтенсітпей, жақын араласуды көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен пісіріледі немесе арнайы мал сойылып ас дайындалады.
Халқымыздың бауырмалдығын көрсететін кезекті салт-дәстүріміз – "жылу жинау". Бір отбасы келеңсіз жағдайға ұшырап, үй-жайынан, мал-мүлкінен айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-қолаң, ағайын-туыс болып ақшалай көмек көрсетеді. Көбіне көп ішінен бір адам суырылып шығып, барлығын өзі ұйымдастырады. Алайда арам жолмен шығынға ұшырағандарға "жылу" жиналмайды. Олар: құмар ойынан ұтылып, тақырға отырғандар, бар жиғанын зинақорлыққа салғандар, ішімдікке салынғандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкіне ортақтасқан жемқорлар. Қазіргі таңда ел жанашырларының жасап жатқан қайырымдылығы қанмен келген, ұрпақтан-ұрпаққа берілген дәстүр десе де болады. Тек уақыт өткен сайын жаңарып, жаңаша атауға ие болған.
Жаңадан шаңырақ көтерген отбасыға арнайы келіп сыйлық берудің өзі бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Ол "өңір салу" деп аталады. Кей жерлерде "үй көрсету" немесе "есік ашар" дейді. Бір қызығы қонақтап ылғи бәйбішелер келетін болған. Сондағы ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудан бөлек жас отбасыға арнап "өңір" әкеледі. Өңір дегеніміз – отау үйге қажетті, өңін ашатын дүниелер. Қазіргі таңда бұл салт өзгеріске ұшыраған. Бүгінде "есік көрсету" дәстүрі деп, керісінше екі жасты ағайын-туыстың шаңырағында қонақ қылады. Алайда бұл "өңір берудің" жаңаланған түрі деуге келмес. Себебі, бұрындары ұқсас бөлек салт болған, тек оның атауы басқаша еді. Жастар шаңырақ көтерген соң ағайын-туыстары арнайы шашу шашып барған. Араларындағы ең жақыны босағаға жылқы байлайды. Бұл атбайлар деп аталған. Кейбір деректерде бұл салт-дәстүр басқаша сипатталған. Күйеу жігіт қалыңдығын алып кетуге келгенде жеңгелері алдынан шығып аттан түсіріп алады. Күйеу баланың атын байлап, арнайы кәде сұрайды. Қазіргі таңда жеңгелері "атбайлардың" орнына күйеу жігіттің қалтасын ақтарады. Басты мұрат өз кәдесін алу. Тіпті келе жатқан құдалардың жолын байлап, арқан тартатындар да бар. Бұның барлығы "қыз бергеннің назы бар" дегенге саяды.
Мәселен еліміздің әр өңірлерінде салт-дәстүрлер басқаша сипат табады. Кейбіреуі үшін қалыпты болғанымен өзгелер үшін тұрпайы болып көрінеді. Солардың бірі – "сүт ақысы". Қыздың қалың малынан бөлек, арнайы анасының еншісі ретінде беріледі. Бірақ көп адамдар бұны шектен шығу деп санайды. Бүгінде ол көбіне тек оңтүстік өңірлерде көрініс табатын салт-дәстүр. Алайда бұл халқымызда бұрыннан болған дәстүрлердің бірі.
Ұзату тойдың мерзімін қалыңдықтың ата-анасы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл жиынға бас құда бастаған құдалар жағы және күеу жігіттің өнерлі жолдастарын еріп келеді. Мұнда арнайы құдалық кәделері беріледі. Соның ішіндегі жолы бөлек, әрі ең бағалысы "сүт ақы" деп аталған. Қазір бұл кездесу "тәтті шаймен" алмасқан. Ал кәделерді арнайы "құдалық тойда" береді.
Авторы: Мөлдір Адамжан
Фото: ANTIKA галереясы мұрағатынан