"Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым"

28 ақпан Жыр алыбы Жамбылдың туған күні. Жыршы 1846 жылы облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген.

02d7b7800c0a826706706556a48be14a-original566371jpg 

Жамбыл Жабаев – жырау, жыршы, ақын, қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы. Ғасырлық ғұмыр жолында айтыс өнерінің, жыраулық дәстүрдің дамуына өзіндік үлес қосты. Қазақ қоғамының небір қилы кезеңінің куәгері болған ақын халқының мұңын жүрегімен сезініп, жан айқайын жырымен жеткізді.  Өлеңдерімен рух беріп, қмын күндерде демеу көрсете білді. 1941 жылы 15 республикадан құралған Кеңестер Одағына фашистік германия тұтқиылдан шабуыл жасап, елім деген ерлер атқа қонғанда тоқсанды алқымдаған ақын қаламын қолға алып, қайтадан жігерленіп, жалынды жырларымен қолдау білдірді.  Жауға қаламмен қарсы шыққан жыраудың өлеңдері  майданның ортасында елін, жерін қоғаған ұл-қыздарының жігерін қайрай түсті.

Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 1941 жылы Сталиндік   сыйлықтың лауреаты атанды.

Оның үздік шығармалары лайықты бағаланып, қырықтан астам шетел тілдерге аударылған. 

«Жамбыл - біздің дәуіріміздің ең жарқын әрі дарынды әншісі»,– деп жазды қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов. Орыс совет ақыны Николай Тихонов «өз халқының құрметі, дауысы, жүрегі және ақиқаты» деп бағалаған.

Жамбыл Жабаевтың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше ауданына, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді.  Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 175 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Биыл жыр алыбының туғанына 176 жыл болды.

Ол өз өмірін жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға, әділеттілік пен патриотизмді дәріптеуге арнады.  Ұлы Даламызда ұлттық сөздің туын көтерген тұлғаның мұрасы - қазақ халқының өмір тарихының айнасы.

 

Автор: Мөлдір Адамжан 

Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан

 

Көбірек оқыңыз