Жаңа босанған келінге қандай күтім көрсету керек?
Қазақ халқында аяғы ауыр әйел мен жаңа босанған ананың жағдайына ерекше мән берілген. «Аяғы ауыр әйелдің бір аяғы төрде, бір аяғы көрде» деген сөз тегін айтылмаған. Бұл тіркес – құрсағында сәби көтерген әйелдің де, жаңа босанған ананың да өмірінде қауіп-қатері мол кезең болатынын, ерекше күтім мен қамқорлық қажет екенін білдіреді.
Босанғаннан кейінгі алғашқы қырық күн қазақ түсінігінде өте маңызды кезең саналған. Себебі дәл осы уақытта ана да, сәби де әлсіз, дәрменсіз болады. Әйел босанған соң алпыс екі тамырынан қан кетіп, буын-буыны босайды, денесі қалжырап қалады деп сенген. Сондықтан қазақ қырық күн ішінде анаға барынша қамқорлық танытып, оның денсаулығын қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлген.
Босанған әйелге күш-қуатын қалпына келтіру үшін қалжа сойылатын дәстүр бар. Қалжа – қойдың еті, сорпасы. Анаға сорпа ішкізіп, сүйек кемігін беріп, бойындағы әлсіздікті басып, тезірек сауығуына жағдай жасаған. Бұл дәстүр жай ғана ырым емес, ана организміне қажетті дәрумендер мен қоректік заттарды қамтамасыз етудің ең табиғи жолы болған. Қазақ «Әйел қалжадан ұлғаяды, ер олжадан марқаяды» деп бекер айтпаған.
Қазақ халқы босанғаннан кейінгі қырық күнде анаға ауыр жұмыс істетпеген, үй шаруасына араластырмаған, ауыр зат көтертпеген. Көңіліне келетін сөз айтпай, қас-қабағын бағып отырған. Тіпті күндіз де, түнде де жалғыз сыртқа шығармаған. Себебі бұл уақытты қазақтар ана үшін ғана емес, нәресте үшін де қауіпті кезең деп білген. Егер күтім дұрыс болмаса, әйелдің көңіл-күйі нашарлап, желік ауруы пайда болуы мүмкін деп сенген. Ал ондай жағдайда әйелдің екінші рет бала көтеруі қиындайды деген түсінік болған.
Желік ауруы — қазақтың дәстүрлі түсінігінде босанған әйелдің жүйке-психикалық жағдайына байланысты пайда болатын дерт деп саналған, яғни постнатальды депрессия немесе психоздың көне халықтық атауы.
Сонымен қатар, жаңа босанған әйелдің тәбеті тартқан, қалаған тағамдарын әзірлеп берген. Бұл – тек физикалық күтім емес, ананың психологиялық саулығын да ойлағанының дәлелі. Сорпаға қоса, қой еті мен қуырылған бидайды жиі берген. Бидайды емдікқасиеті үшін пайдаланып, ол сүтті көбейтеді, құнарлы етеді деп сенген.
Қазақ ырымында босанған әйелді қараңғы үйге жатқызбаған. Түнде қорқып немесе шошып қалса, «омырау сүті тартылып кетеді» деп ойлаған. Бұл да – ананың сәбиді емізу қабілетін сақтап қалуға бағытталған қамқорлықтың белгісі.
Қырық күн өткен соң әйел біртіндеп қалпына келеді, денесі жинақталады, буындары бекіп, қол-аяғы бауырына түседі деп сенген. Сондықтан босанғаннан кейінгі алғашқы қырық күнді қазақтар қауіпті, қатерлі күн деп атап, бұл уақытты асқан жауапкершілікпен өткерген.
Бүгінгі күні медицина дамып, босанған әйелге күтім жасау әдістері өзгергенімен, қазақтың осы көне дәстүрлерінің астарында ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибе мен денсаулықты қорғау қағидалары жатыр. Бұл – халқымыздың әйел мен баланың амандығын ең басты құндылық санайтындығының айғағы.