«Жеті ана» – әулетіңіздегі ұлы әйелдердің синергиясы

  Әйел табиғаты өте ерекше жаратылған, өйткені ол дүниеге жаңа адам әкеледі. Әлемдегі сұлулық пен ғажаптың бәрі әйелден басталады. Біздің журнал да көне заманнан қазіргі заманға дейінгі әйелдерге арналады. Біздің мақсатымыз – бүкіл адамзат тарихында есімдері із қалдырған ұлы әйелдердің өміріне сүйене отырып, әлемде әйелдердің маңызды ролі мен құндылығын көрсету.

«Ұлы әйелдердің ізімен» деген атаудың өзі кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Біздің кейіпкерлеріміз – тек дала әйелдері, жауынгер әйелдер, ел билеушілері, атақты аналар ғана емес, сонымен қатар олардың ізгі ісін жалғастырушы заманауи белгілі тұлғалар: қалың бұқараға жетекшілік етуші, қоғамға қызмет етуші, жаңа асыл дүниелерді жасай отырып, ата-бабаларымыздың қасиетті мұрасын сақтаушылар. Журналдың осы шығарылымының басты оқиғасы – «Жеті ана» идеясын тудырған ортақ келісім, яғни коллаборация.

Мадина Құрбанәлі мен Диляра Саду Италияда іссапармен жүрген кездерінде әлемдік «Damiani» брендінің тарихымен танысады. Осы зергерлік үйінің Қазақстандағы филиалында белсенді түрде жұмыс істейтін Жанна Кан ақжарқын да белсенді әйелдердің кездесуін жиі-жиі ұйымдастырып тұрады. Ол тек мықты тұлғаларды ғана емес, сондай-ақ рухы жағынан бір-біріне жақын әйелдерді жинап, олардың арасында қарым-қатынас орнатады. 

Бұл жолы Жаннаның әйелдерге деген сүйіспеншілігі мен ұжымының қоғамға қызмет етуге деген қызығушылығы екі дос қызға шабыт берді. Өйткені Мәдина мен Диляра да ұзақ жылдар бойы әйелдерге қатысты әртүрлі жобалар жасап, көп еңбек етті. Сөйтіп, мақсаты мен миссиясы ортақ шығармашыл адамдардың кездесуі үлкен дүниеге айналды: Nomadmoon, Zardozi және 1st showroom секілді отандық брендтер бірігіп, «Жеті ана» атауымен әйелдерге арналған жейделердің арнайы капсуласын жасап шығарды.

Бұл ынтымақтастықтың идеясы мен миссиясы – әрбір әйелге өз әулеті синергиясының күшін сезінуге мұрша беру. Өйткені біздің ата-бабаларымыз – тек Жеті ата ғана емес, оның ішінде сол ұрпақты жалғастыратын мұрагерлерді дүниеге әкелген аналар да бар.

Жеті ата – қазақ халқының өзіне ғана тән ұрпақтар шежіресі. Оның ерекшелігі – осы шежіре бойынша ұрпақтары ата-бабасын жетінші атаға дейін есте сақтап, құрмет тұтады. Дегенмен де, шежірені құрастыру дәстүрінің нақты қашан пайда болғанын айту қиын. Белгілісі – XVI–XVII ғасырларда Қазақ хандығының ұлы билеушілерінің бірі Есім ханның жарлығымен жақын туысқандардың бір-бірімен некелесуіне қатаң тыйым салынады, осы шартты бұзған адам тіпті өлім жазасына кесілетін болған. 

Осылайша ол қазақ халқының генофондын сақтауға орасан зор үлес қосты. Оның жетінші ұрпаққа дейін неке қиюға тыйым салу туралы жарлығы «Есімнің төл жолы» («Есім ханның ескі жолы») атты кодекстеріне енгізіліп, Тәуке ханның «Жеті жарғы» («Жеті жарғы») заңдар жинағында да көрініс тапты.

Осыдан бірнеше ғасырлар бұрын өмір сүрген халықтың жетінші ұрпаққа дейін тыйым салу керек екенін қалай есептеп шығарғаны белгісіз, алайда «Жеті ата» ережесі – ешқашан өзгермейтін қағида. Ол күні бүгінге дейін де ұстанатын заң. Оған қандай мән берілгені туралы Шәкәрім Құдайбердиевтің (шежіре бойынша Абайдың немере інісі) «Қалқаман–Мамыр» атты халық аңызының негізінде жазылған дастанында айтылады.

Мамыр есімді қыз өз ағасының қолынан қайғылы түрде қаза табады. Бәлкім, осыны оқып отырып, сіз де «ағасы қарындасын өлтіруіне не себеп болуы мүмкін» деп таңқалған шығарсыз. Дастанда Қалқаман деген батырдың Мамыр сұлуға деген махаббаты жайлы айтылады. Олардың махаббаттары ортақ, бір-біріне сезімдері шынайы еді. Бірақ, белгілі болғандай, оларға бір-бірін сүюге қатаң тыйым салынады. Өйткені олар екеуі де тобықты әулетінен тараған, әрі бір-бірімен аталас, немере ағайынды болып келеді.

Құштарлық пен сүйіспеншілікке салынған жастар алыс ауылға бірге қашып кетіп, жаңа өмір бастамақшы болады. Бұл туралы Мамырдың ағасы біліп қалып, қатты ашуланады. Арада біраз уақыт өтіп, бәрі тынышталған сияқты болады. Күндердің күнінде Мамыр Қалқаманмен бірге туған-туысқандарына барып, кешірім сұрап, олардың ақ батасын алмақшы болып шешеді. Ауылға кіре берісте оны ағасы садақпен атып өлтіріп, қарындасының күйеуі де өлмейінше, тыныштық бермейтінін хабарлайды. Ауылдың ақсақалдары кеңесе келе, Қалқаманды сынақтан өткізбекші болады: ол атқа мініп, Мамырдың ағасының алдынан шауып өтуі тиіс, сол кезде қыз ағасының тартқан жебесі жігітке тимесе, ол бостандыққа шығады деген шешімге келеді. Алайда батырға бірде-бір жебе тимейді, сөйтіп ол бостандыққа шығады. Әйтсе де Қалқаман туған жерінен жыраққа кетіп қалады. Одан әрі оған не болғанын ешкім білмейді.

Мамыр сұлудың өлімі даланың жазылмаған заңына «жетінші ұрпаққа дейін үйленуге болмайды» деген мөр басты. Қазақтар күні бүгінге дейін осы қағиданы берік ұстанып, ата-бабаларын құрмет тұтып келеді.

«Жеті ата» қағидасының маңыздылығын ұғына отырып, біз «Жеті ананың» да тарихта неге соншама құрметке ие болмай қалғанын білгіміз келді. Өйткені отбасының құрылып, ұрпақтың жалғасуына олар да зор үлес қосады ғой. «Жеті ана» коллаборациясының құрылуына, міне, осы себеп болды. Өйткені біздің, қазіргі замандастарымыздың жаратылу тарихында әрбір әйелдің маңызы зор болды. Десек те, «жеті ата» мен «жеті ана» қағидасы идеология жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар екенін мойындау керек. Жеті ата – ұрпақ жалғастығының, әулеттің тараған жолы. Алайда біздің ойымызша, сізді жарық дүниеге әкеліп, ұлы тарихтың бір бөлшегі болуға мүмкіндік беретін – «жеті ана». Өйткені сіздің әулетіңіздегі әрбір әйел әртүрлі болды. Кейбіреулерінде Томиристің ерлігі мен жаужүректілігі, Рабия сұлтанның ақыл-ойы мен парасаттылығы, Оэлун мен Бөртенің рухани байлығы мен мықтылығы, Гауһар ана, Домалақ ана, Зере мен Ұлжанның даналығы, Әлия мен Мәншүктің батырлығы мен ұлтжандылығы болды. Бұны осылай шексіз жалғастыра беруге болады. Сіздің адам болып қалыптасуыңызда әрбір әйел өз рөлін атқарды. Сіз бұл дүниеге бостан-босқа келген жоқсыз – сіз де осы ұлы әйелдердің бір бөлшегісіз.

Әйелдердің жан-жақтылығы туралы біз «Ұлы даланың ұлы әйелдері» атты мақаламызда жазып, кейіпкерлерімізді топ-топқа бөліп, олардың бойындағы жеті қасиетті талдаған едік. Мұндай қырлар әрбір әйелдің бойында бар, ең бастысы – әйел оның қайсысын оята алатындығында. Нәзіктік пен сүйкімділік те бәрінің бойында бар, бірақ бұл әйелдерді әлсіз етіп көрсетпейді. Қажетті сәтте олар да көтеріліп, қайтадан күш жинап, бүкіл әлемді жаулап алуға дайын тұрады.

Шығармашыл тұлғалардың синергиясы әрбір әйелде болуы тиіс бірегей өнімді жасап шығарды. «Жеті ана» футболкаларының капсуласы ТМД елдеріндегі барлық әйелдердің байланыс нүктесіне айналады. Өйткені әрбір әйел дүниеге келуімен маңызды. Оған өзін сүйікті етуге, танымал болуға немесе біреудің мақұлдауына тырысудың қажеті жоқ. Ол кез келген түрінде маңызды, әрі әрқашан да қажет.

Қазақстан Республикасының Президенті тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға қол қойғаны жөніндегі жаңалықпен біз қуана-қуана бөлісеміз. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Бұл тұтас адамзаттың және бүкіл әлем экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Өйткені бақытты адам ғана қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады. Ал бақыт отбасының амандығынан басталады. Балалар – ата-анасының бет-бейнесі, олардың психикасы мен басымдықтары бала кезден бастау алады, сондықтан да балаларды сүйіспеншілікпен, мейірімділікпен тәрбиелеу өте маңызды. Бақытты ана – бақытты балалар. Отбасынан дұрыс үлгі, тәлім-тәрбие алған адам ешқашан да басқаларға зиян келтірмейді. Ал агрессия жақсы көрмеген, ұнатпаған, тыңдамаған жандарға ғана тән.

Біздің мақсатымыз – халық үшін қауіпсіз қоғам құрып, оны сүйіспеншілікке бөлеу, соған ықпал ету және сену. Ал әйел – сол шексіз сүйіспеншіліктің қайнар бұлағы.




Көбірек оқыңыз