Жетістік пен жайлылық
Marzhan Otegen наубайханалары Алматы, Ақтау және Атырау қалалары тұрғындарының жүрегін жылулығы мен қонақжайлылығы арқылы жаулап алды. Істерінің сәтті шыққанына олар наубайхананың негізін қалаушы Маржан Өтегенге қарыздар, желі де соның құрметіне аталған.
Маржан, сіз Instagram-дағы жазбаларыңыздың бірінде: «Егер бизнестің өсуін қаласаңыз, басқаға сенім артуды үйреніңіз!» деп жазған едіңіз. Сіз үшін сенім деген не?
Бұл өте үлкен жауапкершілік. Бұл жазбада менің айтқым келгені мынау: егер сен өз командаңа біреуді алсаң, онда сен оған карт-бланш бересің, яғни жүз пайыз сенім артасың. Онсыз сендер ешқашан бірге жұмыс істемей алмайсыңдар. Мен алғашында командадағы жаңа адамдарды бақылаймын, егер оларға сенім артуға шешім қабылдасам, бұл қайтарымсыз екені белгілі. Сондықтан мен бірінші кезекте қызметкерлердің адамгершілік қасиеттеріне көңіл бөлу керек деп санаймын. Әрине, кәсіби тұрғыдан ол қызметіне сәйкес келмеуі мүмкін, бірақ дағдылары мен білімін жетілдіруге болады ғой, ал адамгершілік қасиет адамда не бар, не жоқ.
Батыста бизнесті құрылтайшылардың атымен атау – қалыпты жағдай. ТМД елдерінде бұл құбылыс экзотика емес, алайда ең көп таралған тәжірибе түрі деуге де келмейді. Сіз наубайхана желілеріне Marzhan Otegen атауын берген кезде нені басшылыққа алдыңыз?
Бұл – жауапкершілік. Мәселен, сіз наубайхананы «бауырсақ» деп атадыңыз да, бауырсақ сатуды бастадыңыз. Ал бауырсақтарыңыз кірпіш сияқты қатты болып, оны ешкім сатып алғысы келмейді. Сосын сіз: жарайды, мен «круассан» сататын боламын дейсіз. Сіздің круассандарыңызды жұрт қалайды ма? Содан сіз «кішкентай бретцель» боласыз. Сөйтіп бұл жалғаса беруі мүмкін. Осылай ыңғайлы сияқты көрінгенімен, бұл бизнес емес, балабақша ойыны.
Сіз бизнесті өз атыңызбен атаған кезде барлық фишкаларды, ынта-жігеріңізді ортаға саласыз. Шегінерге жол жоқ. Қонақтардың арасында шағымдануға дайын тұратын нақты бір адам әрдайым табылады. Сол себепті дәретханадағы еденнің тазалығынан бастап, қамырдың сапасына дейін сіз өзіңіз жауап бересіз. Сөйтсе де мұндай бизнесті сізден ешкім тартып алмайды. Тіпті дәл қазір рейдерлер кіріп, менен бәрін тартып алса да, менің жақсы атым мен ой-санам өзіммен қалады ғой. Сосын мен Феникс құсы сияқты тағы да жанданып, қайтадан көтерілемін.
Кез келген наубайхананың міндеті – келушілердің жағдайын жасап, оларға жайлы орта орнату. Бұл іске сіз шебер екенсіз. Мұның құпиясы неде?
Жайлылық – сезілмейтін ұғым. Яғни, бұл аура мен энергия. Мысалы, біз тым қатты музыка қоспаймыз, ал интерьерде барынша жағымды түстерді қолданамыз. Жақында Алматыдағы Мақатаев көшесінде жаңа наубайхана аштық, онда біз кресло мен кітап сөресін, үстелге шам қойдық. Мұндай көрініс қонақтарға әжесінің үйіне келгендей әсер қалдырады. Біздің қолтаңбамызбен шыққан фирмалық ыстық бәлішті тапсырыс берсеңіз, үйіңізге де жеткізіп береміз. Айтпақшы, біз жұмысқа тек күлімсіреп тұратын жандарды ғана аламыз (күледі).
Біздің журнал MUSEOFNOMAD – көшпенділер шабыты деп аталады. Сіздің ойыңызша, заманауи көшпенді дегеніміз кім? Оны шабыттандыратын не?
Көшпенді – еркін адам. Шын мәнінде қазақ халқының мәдениеті – көшпенділер мәдениеті. «Қазақ» деген сөздің өзі «бостандық» деген ұғымды білдіреді. Менің түсінігімде көшпенді – бұл кез келген ортаға бейімделе алатын адам. Қазақтар барлық жерде: Европада, Азия және Америкада да жоғары сұранысқа ие болады. Біздің мәдениетіміздің мәні де осында – яғни киіз үйді жығып, жинап алып, әлемді әрі қарай зерттеуге жүре бересің. Міне, дәл осындай өмірдің өзі оны шабыттандырады.
Қазақстанда сіз нені жоғары бағалайсыз, ал саяхатта жүргенде нені қатты сағынасыз?
Ең алдымен тамақты! Мен тамақты жоғары бағалаймын және соны сағынамын. Қазақтың тамағынан артық дәмді әрі тәтті тағам мен үшін табиғатта жоқ. Біздің тамақтарда тұз бен бұрыш қана тамаша үйлесім табады, ал дәмдеуіштер мүлдем қосылмайды.
Жеке сізді не шабыттандырады?
Мені шабыттандыратын – жүз жылдан кейінгі менің өзім. Сол жасқа дейін менің орындайтын маңызды жоспарларым бар, әрі өмірім әрбір бесжылдыққа бөлініп, жоспарланып қойылған. Мен қандай да бір шешім қабылдарда өзімнің болашақ жүз жастағы шағыма жүгінемін. Міне, маған сол шабыт береді.