18 жастағы қазақстандық Диана ханшайым атындағы сыйлыққа ие болды
18 жастағы қазақстандық Диана Мұрзағалиева әлеуметтік саладағы ерекше еңбегі үшін беделді Диана ханшайым атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл туралы Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі хабарлады.
Бұл сыйлық Уэльс ханшайымы Диананың құрметіне тағайындалған және оның ұлдары Уэльс ханзадасы Уильям мен Сассекс герцогы Гарридің қолдауымен беріледі.
«Диана Мұрзағалиева сөйлеу қабілеті мен денсаулығында қиындықтарға тап болған адамдарға қолдау көрсетуге өз өмірін арнады. Ядролық сынақтардың салдарынан пайда болған дизартриямен күресіп, мектептегі келемеждеулер мен көптеген операцияларды бастан өткерді. Балалық шағында сөйлей алмаса да, өз ойын жазу арқылы жеткізіп, кейіннен мүмкіндігі шектеулі балалардың армандары туралы оқиғалар жазды. Бұл оқиғалар оның «Үміт әрдайым жанымызда» («Надежда всегда с нами») атты анимациялық фильміне негіз болды», – деп атап өтті елшілік.
Диана – «Инклюзив академиясының» негізін қалаушы және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған жасанды интеллектке негізделген SpeakUp қосымшасының авторы.
Сыйлықтың 25 жылдығына орай Уэльс ханзадасы Уильям Дианаға арнап құттықтау хат жолдады. Өз сөзінде ол жастардың қажырлы еңбегін атап өтіп, бұл сыйлық олардың әлемді жақсы жаққа өзгертуіне шабыт беретініне сенім білдірді.
Диана бұл марапатты өзінің бала кезден бергі арманының орындалуы деп бағалады:
"Мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесемін деп күнделігіме жазған кішкентай қызды еске алдым. Сол арман мені бүгінгі күнге жеткізді", – деп бөлісті ол.
Диана өз жетістігін ата-анасы, ұстаздары және қолдаған барлық жандардың арқасы деп атап, барша адамдарды қоғамға жақсылық жасауға шақырды.