25 қараша мен 1 желтоқсан аралығындағы спорттық іс-шаралар кестесі
Тоғызқұмалақ: халықаралық турнир
22-30 қараша күндері Колумбияның Кали қаласында тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өтуде. Бұл беделді жарыста Қазақстаннан екі спортшы ел намысын қорғайды.
Үстел теннисі: жастар арасындағы әлем чемпионаты
22-30 қараша аралығында Швецияның Хельсинборг қаласында жастар арасындағы үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді. Жаһандық додада Қазақстанның жас өкілі Алан Құрманғалиев шеберлігін көрсетеді.
Қазақ күресі: Әлем кубогі
24-26 қарашада Түркістан облысында қазақ күресінен Әлем кубогі ұйымдастырылады. Бұл бәсекеге 9 елден 100-ге жуық палуан қатысады. Қазақстан құрамасының атынан 40 спортшы белдесуге шығады.
Баскетбол: Азия кубогінің іріктеу кезеңі
25 қараша күні Қазақстан баскетбол құрамасы Азия кубогінің іріктеу турнирі аясында Үндістан құрамасымен сырт алаңда кездеседі. Жарыс Үндістанның Ченнаи қаласында өтеді.
Қазақ күресі: республикалық турнир
28-30 қараша аралығында Семей қаласында қазақ күресінен республикалық деңгейдегі жарыс өтеді. Бұл додада еліміздің барлық өңірінен келген 200 спортшы бақ сынайды.
Белбеу күресі: Қазақстан кубогі
28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Атырау қаласында белбеу күресінен Қазақстан кубогі өтеді. Жарысқа 18 өңірден келген 270 спортшы қатысады.
Бокс: Азия чемпионаты
29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан Азия чемпионаты өтеді. Бұл сары құрлық додасында Қазақстан құрамасының 13 боксшысы ел намысын қорғап, жүлдеге таласады.
Қазақстан спортшыларына алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз! Олардың жеңісі еліміздің беделін арттырып, халқымызды қуантады деген сенімдеміз.