3 қыркүйек – Қазақы ит тұқымдары күні болып бекітілді
Қазақстанда 3 қыркүйек күні тазы мен төбетке арналған арнайы мереке ретінде бекітілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ресми түрде хабарлады.
2017 жылғы 31 қазанда қабылданған Үкімет қаулысына өзгерістер енгізіліп, мереке күндерінің тізіміне жаңа атаулы күн қосылды – «3 қыркүйек – Қазақы ит тұқымдары күні». Министрлік бұл шешімді қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрін ұлықтауға арналған маңызды бастама деп бағалады. Сонымен қатар, мұндай мереке ұлттық мәдениетке қызығушылық танытатын шетелдік туристердің назарын аударуға ықпал етеді.
«Тазы мен төбеттің құндылығын арттыру арқылы кинология саласының дамуына серпін беріледі. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін көбейтуге және ел экономикасының өсуіне оң әсер етеді», – деп атап өтті министрлік өкілдері.
Атаулы күн аясында түрлі дәрістер, семинарлар, көрмелер мен спорттық жарыстар өткізу жоспарланған. Бұл шаралар ит өсірушілер мен кинолог мамандарға тәжірибе алмасуға, қазақы ит тұқымдарының ерекшеліктерін зерттеп, оларды сақтап қалу жолдарын талқылауға мүмкіндік береді.