700 мектеп кітапханасы жаңғыртылады: 300 мың балаға заманауи оқу кеңістігі қолжетімді болады

Шағын қалалар мен ауылдық жерлердегі 1000 мектепті жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жоба білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайтуға және оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Білім беру министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 700-ге жуық мектеп кітапханасы жаңғыртудан өтеді. Бұл шамамен 300 мың оқушыны жаңа форматтағы оқу және шығармашылық кеңістігімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Мемлекет білім беру инфрақұрылымын жақсартуға жыл сайын қаржы бөледі. Қазіргі уақытта кітапханаларға автоматтандырылған жүйелер енгізіліп, коворкинг-аймақтар ашылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жиһаздар жаңартылуда», – деді Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Сембаева.

Мектептерде кітаптарды жедел іздеуге және тіркеуге мүмкіндік беретін RFID технологиясы енгізілуде. Ал 20-дан астам кітапханада сканерлеуші роботтар жұмыс істейді. 2023 жылдан бері «Балалар кітапханасы» жобасы аясында 1,6 миллион дана көркем әдебиет сатып алынып, кітапхана қорына қосылды. Бүгінгі таңда жалпы кітап қоры 141 миллионнан асады.

Мектеп кітапханашыларының кәсіби деңгейін арттыру да басты назарда. 2024 жылы 1 775 кітапханашы біліктілігін жетілдірсе, 2025 жылы бұл жұмыс жалғасын табады. Бұл — мектеп кітапханаларын тек кітап оқу орны емес, балалар үшін білім мен шығармашылық орталығына айналдыру бағытындағы маңызды қадам.

білім
Көбірек оқыңыз