85 жастағы қария 2 миллион ағаш отырғызды
85 жастағы Бектай Сүлейменов – өмірін көгалдандыруға арнаған тәжірибелі бағбан. Ол бүгінге дейін 2 миллионнан астам ағаш отырғызып, күтіп-баптаған. Бүгінде ақсақал күн сайын қолына кетпенін алып, өз қолымен еккен жасыл желекті аралап өтеді.
Бағбандыққа деген сүйіспеншілігі бала кезінен басталған. Ол алғашқы өрік ағашын үш жасында әкесімен бірге отырғызған. Кейін осы жолды жалғастырып, 1965 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына түсіп, орман шаруашылығы мамандығын меңгерген. Мемлекет басшысы бастаған «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып жүрген азаматтардың бірі.
34 жыл бұрын өз шаруа қожалығын құрған Бектай ата бүгінде 25 гектарға жайылған жасыл алқаптың иесі. Бастапқыда 5 гектармен басталған бақта қазір алма, алмұрт, шие, өрік, қара өрік, жүзім, арша, қарағай, терек, үйеңкі, қарағаш сынды көптеген ағаш түрлері өсіп тұр.
«Мен Қызылордада қылқан жапырақты ағаштарды да өсіруге болатынын дәлелдедім», – дейді ол. Тіпті шырша мен балқарағай да жерсініп, жайқалып тұр. Келесі арманы – туберкулез диспансерінің аумағында қылқан жапырақты ағаштар паркін құру, өйткені олардың хош иісі өкпе ауруларына өте пайдалы.
Бектай ақсақал Қызылорданы жасыл желекке айналдыруға болатынына сенімді. Оның қолынан шыққан жобалардың бірі – Қызылорда әуежайына апаратын 6 шақырымдық ағаш жолақ. Бұл ағаштарды қария өзі отырғызған.
Алайда бағбанды шаруашылығына апаратын жолдың жағдайы алаңдатады. Ауа райы қолайсыз кезде баққа жету қиынға соғады. Жергілікті билік қала экологиясына өлшеусіз үлес қосқан ақсақалдың өтінішін назарға алады деген үмітте.