Air Astana Сауд Арабиясына жаңа рейстердің ашылғанын хабарлады
Air Astana Сауд Арабиясына жаңа рейстердің ашылғанын хабарлады. 2024 жылдың 1 қазанынан бастап 28 қазанға дейін аптасына екі рет орындалатын Шымкенттен Жиддаға тікелей әуе рейсі енгізіледі. 28 қазаннан бастап Шымкенттен Мединаға аптасына бір рет ұшатын жаңа рейс ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 29 қазаннан бастап Алматыдан Мединаға аптасына екі рет тікелей рейстер басталады. Рейстердің барлығы бизнес-кластағы 16 орны және эконом-кластағы 150 орны бар Airbus A321LR жайлы әуе кемесімен орындалады.
Ұшу ұзақтығы Шымкент – Жидда және Шымкент – Медина бағыттарында 5 сағат 35 минутты, Алматы – Медина бағытында 6 сағат 10 минутты құрайды. Шымкент – Жидда бағытында бару-қайту әуе билеттерінің ең төменгі құны 301 208 теңгеден, Алматы – Медина – 336 882 теңгеден, Шымкент – Мединаға – 308 050 теңгеден басталады.
Сонымен қатар, қазақстандық SCAT әуе компаниясы да 29 қазаннан бастап Шымкенттен Мединаға аптасына бір рет қатынайтын рейс ашады.
Сауд Арабиясына бару үшін Қазақстан азаматтарына электронды виза қажет. Жидда Сауд Арабиясының екінші үлкен қаласы және оның экономикалық орталығы, ал Медина Меккеден кейінгі мұсылмандардың екінші қасиетті қаласы.