AIU оқу орнында Ифе королімен тарихи кездесу өтті
Astana International University (AIU) оқу орнына ресми сапармен Ифе королі әрі йоруба халқының рухани көсемі – Оның Ұлылығы Адеейе Энитан Огунвуси келді. Йоруба – Нигериядағы ең ірі этностардың бірі, халқының саны 40 миллионнан асады. Сапар «Астана» халықаралық форумына қатысу аясында жүзеге асты. Форум тарихында алғаш рет өткен «Қазақстан – Африка: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты арнайы сессияда король спикер ретінде сөз сөйледі.
AIU қабырғасында өткен ресми кездесуде мәртебелі мейман Нигерияның Африкадағы халқы ең көп және серпінді дамып келе жатқан ел екенін атап өтті. Бүгінде ел халқы 235 миллионнан асады, ал медиандық жасы – небәрі 18,1 жас. Осы демографиялық ерекшелік білім беру саласында шұғыл әрі тиімді шешімдер қабылдауды талап етеді.
Король Нигерия үкіметінің халықаралық әріптестікке, соның ішінде академиялық ұтқырлық, қос дипломды бағдарламалар мен тілдік даярлық бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Осы орайда AIU университетімен арадағы ықпалдастық нақты жобаларға жол ашып отыр.
AIU ректоры университеттің халықаралық жетістіктерін, профессорлық-оқытушылық құрамын және көптілді білім беру тәжірибесін таныстырды. Бүгінде университетте қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде сапалы білім беріледі. Цифрлық технологияларды қолдану арқылы студенттер бұл тілдерді тиімді меңгеріп жатыр.
AIU бүгінде 12 елдің студенттерін біріктіріп отыр. Ал Нигериямен жасалатын алғашқы келісімдер осы ел жастары үшін жаһандық академиялық қауымдастыққа қосылуға мүмкіндік береді.
«Білім – мәдениеттер мен құрлықтарды жалғайтын алтын көпір. Оның Ұлылығының AIU-ға арнайы келуі – өзара құрмет пен сенімнің белгісі. Бұл кездесу екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңін бастайды деп сенеміз», – деді университет ректоры.