Алмагүл Батталиева “Славян базарында” Гран-при иегері атанды

Беларусьтің Витебск қаласында өткен дәстүрлі “Славян базары” халықаралық эстрада әншілері байқауында қазақстандық өнерпаз Алмагүл Батталиева бас жүлдені жеңіп алды. Отандасымыз 2025 жылғы байқаудың қорытындысы бойынша 137 ұпай жинап, Гран-при иегері атанды.

Финалдық кезеңде Алмагүл “Вечность” әнін шебер орындап, тыңдарман мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Оның кәсіби деңгейі, вокалдық шеберлігі және сахнада өзін еркін ұстауы байқау барысында ерекше көзге түсті.

Алмагүл Батталиева – Жетісу облыстық филармониясының әншісі. Байқау аясында ол әлемдік және ресейлік хит әндерді орындап, вокалдық мүмкіндіктерін толық көрсете білді. Қазылар оның орындаушылық деңгейіне, техникалық дәлдігі мен эмоционалды әсеріне ерекше тоқталды.

Бірінші орынды Беларусь елінің өкілі Валерия Бернатович жеңіп алса, екінші орынды Армениядан Давид Киракосян мен Италиядан Доменико Барбера бөлісті. Ал үшінші орын ресейлік Эрик Ахметов пен Қырғызстаннан келген Рыскелді Старбековке бұйырды.

Айта кетейік, өткен жылы “Славян базары” байқауында қазақстандық Ерназар Жұбан бірінші орын алған болатын. Осылайша, Қазақстанның жас әншілері бұл халықаралық байқауда қатарынан екінші жыл жүлде алып отыр.

мәдениет Қазақстан жаңалықтар
Көбірек оқыңыз