Алматы – 2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы атанды

18 тамызда Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) IV Халықаралық жастар фестивалінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында Алматы қаласына «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі берілді.

Салтанатты жиынға ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және түркі елдерінің белсенді жастары қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға арнайы құттықтау жолдап:

«Алматы – азаттығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Шын мәнінде, бұл қала қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы саналады», – деп атап өтті.

Фестиваль аясында «Жастар астанасы» мәртебесінің символы — кілт 2024 жылғы жастар астанасы, Әзербайжанның Ленкорань қаласының өкілдерінен Алматы жастарына салтанатты түрде табысталды.

Халықаралық фестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Екі күнге жалғасатын шара барысында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген делегаттар жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі өтеді.

жаңалықтар
Көбірек оқыңыз