Алматы облысында параспортшылар арасында Спартакиада жарыстары өтуде
13 маусымда Алматы облысында Қазақстан Республикасының VII республикалық Спартакиадасы аясында пара жеңіл атлетика және пара оқ ату бойынша жарыстар басталды. Ауқымды спорттық шара Қарасай ауданы, Кемертоған ауылындағы жеңіл атлетика стадионында өтуде.
Пара жеңіл атлетика сайыстары 13–17 маусым, ал пара оқ ату жарыстары 13–18 маусым аралығында өтеді. Жарыстар таңғы сағат 8:00-ден 13:00-ге дейін жалғасады.

Биылғы Спартакиадаға еліміздің барлық өңірлерінен 2000-ға жуық спортшы қатысып, 17 спорт түрі бойынша бақ сынауда. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізіліп жатқан бұл жарыс — елдегі бұқаралық және кәсіби параспортты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық құрамаларға талантты спортшыларды іріктеу, сондай-ақ параспорт мәдениетін кеңінен таныту.

Спартакиада аясындағы басқа спорт түрлері келесі қалаларда өтуде:
-
Астана – волейболды отырып ойнау, пара таеквондо, пара дзюдо, бочча, пара би, пара каратэ;
-
Тараз – голбол, пара жүзу, пара пауэрлифтинг;
-
Көкшетау – шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы-100, дойбы-64;
-
Өскемен – пара үстел теннисі, пара велоспорт.

Жарыстар нәтижесінде үздік атанған спортшылар алдағы халықаралық додаларға қатысатын ұлттық құрамалар сапына қосылуы мүмкін.