«Алматы шыңы 2025» альпиниадасы өтеді

2025 жылдың 6-7 шілдесінде Кіші Алматы шатқалында қазақстандық альпинизмнің 95 жылдығына арналған ірі спорттық-туристік іс-шара — «Алматы шыңы 2025» альпиниадасы өтеді. Шара салауатты өмір салтын насихаттап, ішкі туризм мен жастардың белсенді демалысын дамытуға бағытталған.

Альпиниада Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылар — «Алматы қаласының альпинизм Федерациясы» ҚҰ, «Chimbulak Development» ЖШС және Skala Boulder скалодромы — барлық ниет білдірушілерді 4376 метр биіктіктегі Алматы шыңына шығуға шақырады. Маршрут бағыты: Медеу – Шымбұлақ – Талғар асуы – Богданович мұздығы – Комсомол асуы – Алматы шыңы.

Шыңға көтерілуге тіркелген және ата-анасының рұқсаты бар 16 жастан асқан қатысушыларға рұқсат беріледі. 14-15 жас аралығындағы жастар тек ата-аналарымен бірге қатыса алады. Қатысушылар саны күн сайын 300 адаммен шектеледі.

Қатысу құны — 35 000 теңге. Тіркеу 2-30 маусым аралығында www.falp.kz сайтында жүргізіледі. Қатысушыларға футболка, кәдесыйлар, керек-жарақтар және сертификаттан тұратын бастапқы пакет ұсынылады. Сондай-ақ Медеу – Шымбұлақ – Талғар асуы гондол жолына 50% жеңілдік беріледі.

Іс-шараның қауіпсіздігін Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметі мен Альпинизм федерациясы қамтамасыз етеді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұйымдастырушылар техникалық маршрутты және шыңға көтерілу бағытын алдын ала жабуға құқылы.

«Алматы шыңы 2025» — бұл тек шың бағындыру ғана емес, сонымен қатар отандық альпинизмнің тарихи мерейтойына қатысып, жаңа дәстүрдің бір бөлшегіне айналу мүмкіндігі.

спорт
Көбірек оқыңыз