Алматыда 1000 ағаш отырғызу акциясы өтеді
2025 жылдың 19 сәуірінде Алматы қаласында «Кеменгер» және «Атамның аманаты» қоғамдық жобалары аясында 1000 ағаш отырғызу экологиялық акциясы ұйымдастырылады. Іс-шара қаладағы жаңа аудандардың бірінде – Бейсеуова көшесі, 531 мекенжайында өтеді.
Бұл бастама биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай қолға алынып отыр. Жоба соғыстан елге оралмай, хабарсыз кеткен, жаназасы оқылмаған ата-бабалар рухына тағзым етуге арналған. Сонымен қатар, бұл — болашақ ұрпаққа экологиялық мәдениетті дарыту мен қоршаған ортаға жанашырлықты қалыптастыруға бағытталған азаматтық бастама.
Іс-шараға еріктілер, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысады. Олар бірігіп 1000 жас көшет отырғызып, Алматының экожүйесіне үлес қосады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар ұмыт қалған ерлікті еске салып қана қоймай, ел болашағына қызмет ететін жасыл кеңістіктерді көбейтуге мүмкіндік береді.
Акцияны «Кеменгер» және «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымдары мен «Таза планета» экологиялық бастамасының амбассадоры Владимир Рич ұйымдастырып отыр. Шара 19 сәуір күні таңғы 09:00-де басталады.