Алматыда «Алтын адамның мұрасы» көрмесі ашылды

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде жаратылыстанушы ғалым Мағрипа Жылқыбаеваның 80 жылдық мерейтойына арналған «Алтын адамның мұрасы» атты танымдық көрме ашылды. Көрме ғалымның шығармашылық жолы мен ғылыми мұрасын таныстырып, оның кванттық физика әдістерін қолдана отырып, Есік қорғанындағы Алтын адам мұрасының сырын ашу жолындағы еңбегіне арналған.

Мағрипа Жылқыбаева – адамзаттың көне тарихына үңіліп, ежелгі өркениеттердің құпиясын зерттеген бірегей ғалым. Ғылыми орта оны оптикалық кристалдарға радиацияның әсерін кешенді зерттеген әлемдегі алғашқы ғалым ретінде таниды. Оның зерттеулері кейіннен В. Федоров, Т. Плужникова, Р. Кириллов, О. Матвеева, И. Нефедова, Е. Полисадова, В. Корепанов сынды жаратылыстану саласындағы ғалымдардың еңбектеріне арқау болды.

Көрмеге қойылған құнды материалдар

Көрмеде ғалымның жеке заттары мен ғылыми еңбектері ұсынылған. Іс-шараның ашылуында «Үш қиян» баспасының директоры Махмұт Қосмамбетов ғалымның Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбаны расшифровкалау нәтижесінде жазған «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы», «Құпия күштер құдіреті» кітаптарын таныстырды.

Ғалымның зерттеу еңбектері

Мағрипа Жылқыбаева – Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын 30 жыл бойы зерттеп, олардың құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик. 1989 жылдан бастап Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбаны оптика ілімі арқылы зерттеп, еліміз бен шетелдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің шифрын ашты.

Ғалым петроглифтерді, көне заман жәдігерлеріндегі шифрлы жазуларды кванттық оптиканың көмегімен оқудың әдісін жасап, оны ғылыми айналымға енгізді. Оның зерттеулері арқылы Арасан мен Іле бойындағы Будда жазулары, Жетісу жартастарындағы көне таңбалар мен петроглифтер алғаш рет толықтай расшифровкаланған.

Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның өмірі мен еңбегін кеңінен таныстыратын бұл көрме Наурыз мерекесіне дейін жалғасады.

мәдениет пресс-анонс
Көбірек оқыңыз