Алматыда Асанәлі Әшімовке арналған музей-бұрыш ашылды.
Алматы мемлекеттік архивінде Асанәлі Әшімовке арналған музей-бұрыш ашылды. Музей көрмесіне кино жұлдызға тиесілі кәдесыйлар, құжаттар, марапаттар мен қолжазбалар қойылған. Архивке тапсырылған халық әртісінің өз қолымен пайдаланған жеке заттары оның өміріндегі маңызды оқиғаларды ұсынады.
Тұғырлы тұлғаның еңбек жолынан сыр шертетін дереккөздер «Кино және театр тарланы – Асанәлі» атауымен беріліп, салтанатты шараның лентасы қиылды. Музей-бұрыштың ашылуына Алматы қаласының мәдениет басқармасы, әртістің жақындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Бүгін менің құрметіме музей-бұрыш ашып жатыр, сол үшін осы іс-шараны ұйымдастырып отырған азаматтарға алғыс айтамын. Мұнда менің жеке заттарым қойылды. Ол заттардың барлығы мен үшін бағалы, себебі, олар еңбекпен келген. Қарап отырсам, оның бәрі қазір — тарих. Бұл жұмыспен Алматы қаласының мемлекеттік архиві көптен бері айналысып келеді. Мұнда жалғыз менің ғана емес, басқа да танымал адамдардың заттары қойылған. Бұл жақсы бастама. Ол келешек ұрпақ үшін жасалып жатыр. Әсіресе, оқушы, студенттер үшін маңызды, керек дүние. Сондықтан бұған оң көзбен қараған дұрыс», - деді Асанәлі Әшімов.
Алматы қаласы мемлекеттік архивінің жинақтау қызметінің басшысы Нағима Нұрманованың мәлімдеуінше, Асаналі Әшімовке арналған музей-бұрышқа заттарын артист өз қолымен тапсырған. №438-ші болып тіркелген жеке қорда 200-ден аса құжаттар бар.
«Қазақтың кино өнері, театр өнеріндегі аңыз адам — Асанәлі Әшімов. Оның құрметіне бүгін ашылған музей-бұрышы маған өте ұнады. Ағаның ойнаған рөлдері қазақтың мәңгілік есінде қалады. Біз шетелге барсақ та, қайда барсақ та ағаның ойнаған рөлдерін мақтан етеміз. Аға қазір 87-ге келді, жасы одан әрі ұлғая берсін, ғұмыр жасы ұзақ болсын», - деді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев.
Аңызға айналған белгілі кинорежиссердің музей-бұрышында
үлкен тарих жатқаны сөзсіз. Ұрпаққа мәдени мұра ретінде қалдырылған музей-бұрышқа кіру тегін. Ол үшін архивке алдын ала ұсыныс жасау жеткілікті.
Автор: Айнұр Қожахмет
Дереккөз және сурет: Kazinform/Думан Арғынгелді